Еуропалық комиссия Ұлыбританиядан ЕО-дан «Қол үзу ақысына» 600 млрд еуроны, 2023 жылдың соңына дейін төлеуді үміт етеді. Анықтай айтқанда, Ұлыбритания 2019 жылы Еуропалық Одақтан қол үзгеннен кейін, 4 жыл ішінде төлеуі тиіс. Оның өзінде жоғары уағдаластық келіссөздеріне төленетін төлемнен кейін ғана Ұлыбританияның ЕО-дан қол үзуін нақтылауға болады деп хабарлайды британдық Daily Telegraph.
Бұл шешім Еуропалық комиссияның жоғары лауазымдылары 21 ақпанда өткізген талқысында белгілі болды. Шешім Ұлыбританияның ЕО-дан қол үзуі мәселесіне жауапты комиссия мүшесі Мишель Барниер және өзгеде жоғары лауазымды кеңесшілер алдында бекітілген. Олардың көрсеткен есебі бойынша Британияның ЕО дамуына 2014 жылдан 2020 дейін төлеуге тиісті сомасы 600 млрд еуроны құрған.
Ұлыбритания ЕО-дан қол үзгеннен кейін, Еуропаның «тесік қалтасынан» ағылатын, 100 млрд еуролық жылдық шығын Германия, Франция секілді ауқатты елдердің мойнына артылады. Польша, Мажарстан қатарлы экономикасы біршама әлсіз елдерге бұл шығын көп салмақ салмайды. Ал Ұлыбританияның «қол үзу ақысы» осы қаржылық қысымды жеңілдетеді деп отыр Еуропалық комиссия мүшелері.
Бұл реткі кездесу барысында, Германия мен Франция неғұрлым қатаң көзқарас ұстанды және Еуропалық елдермен пікір айырмашылығын сақтады. Оның да өзіндік себебі бар. Ұлыбритания ЕО-дан шығып кеткеннен кейін «ортақ өгіздің» бар ауыртпалығы осы елдерде қалмақ. Германия мен Франция ағылшын корольдігінің одақтан шығуына қарсы болғанымен, «қол үзу ақысын» төлеуіне үміткер болып отыр. Бұл реткі талқы, жалпы Ұлыбританияның ЕО-дағы үлесі есептеу, одақтан шыққаннан кейінгі төлем төлеу істері қаралды. Неміс пен француз ағылшынның ЕО-дан қол үзу келісіменен бас тартуынан үміткер. АҚШ жаңа президентінің саясаты ЕО тұтастығына тіпті де зор қатер алып келе жатыр. Қазір, ЕО-ға мүше елдер одақтың жалғасты ыдырауынан қауіптенеді.
Еуропа Одағының қажетсіз ауыртпалығынан қажып, одақтан қол үзген Ұлыбританияның мойнына 600 миллиард еуро қарыз іліп аттандырған ЕО-ның жалғасты ыдырауы да әбден мүмкін. Шет ауыл көшіп, ортаңғы ауыл шет болды. Ұлыбритания одақтан кеткен соң, бар салмақ Франция мен Германияға келіп түседі. Осыдан біраз жыл бұрын ірге кеңейту, экономикалық өсім, жаһандану процесінде көш бастаған одақтың ендігі күйі бүгінгідей. Халықаралық кез келген ынтымақтастық, одақтардың да жекелеген елдерге ұқсас даму, өркендеуден кейін құлдырау кезеңі болатыны анық. Мүддемізге сай келетін-келмейтін одақтарға, ырықты-ырықсыз кіріп отырған Қазақстанға Батыстың баршын тартқан бірлігі үлкен сабақ болады.
“The Qazaq Times”