22 ақпанда Петропавл қаласындағы Погодин театрының ғимаратында Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Ерік Сұлтановтың халық алдындағы есебі өтті. Екі сағатқа созылған кездесу барысында облыс басшысының 2016 жылы атқарылған іс-шаралар қорытындысы мен болашақта атқарылар жұмыс жоспарлары тыңдалды. Кездесу барысында жұмыс істеген callcentre-ге 30 сұрақ келіп түссе, 20-дан астам солтүстікқазақстандық аймақ басшысына ашық микрофон арқылы сұрақтарын қойып, жауап алды. Облыс əкімінің есебіне ақпарат жəне коммуникация министрі Дəурен Абаев қатысты.
Өңір басшысының ақпараты бойынша өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамуы оң серпін берген, макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қамтамасыз етілген.
2016 жылы 38,0 млрд. теңге кіріс жиналған. 2015 жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 18,5 пайыз болды. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,6 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы
Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсті және 416,7 млрд. теңгені құрады.
2016 жылы облыс диқандары гектар берекелігін орташа есеппен 17,2 центнерге жеткізіп, 5,5 миллион тонна астық жинады.
Жыл сайын біз алыс және жақын шетелдерге 1,5 млн. тонна сапалы солтүстікқазақстандық астықты, 250 мың тонна ұнды, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымын экспортқа шығарамыз.
2016 жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне демеуқаржы үшін бюджеттен 31,0 млрд. астам қаржы бөлінді, бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есе көп.
Облыстың агроқұрылымдары жыл сайын мал шаруашылығы үшін 20 мың бастан астам ірі қара сатып алынды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы шеңберінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 191 млрд. теңгеден асатын 64 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 2016 жылы сомасы 7,8 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 270 жұмыс орны ашылды.
Өнеркәсіп
Жетекші машина жасау кәсіпорындары тұрақты өсу серпінін көрсетті. Өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуына өнім шығаруды 1,7 есеге көбейткен “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы елеулі үлес қосты. Ол Үкіметтің қолдауы негізінде “Қазақстан Темір Жолы” ұлттық компаниясымен жасалған 15 млрд. теңгенің келісімшартының арқасында мүмкін болды.
Өнім шығару “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-да – 8 пайызға, “Казнефтегазмаш” АҚ-да – 43 пайызға, “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-інде – 29,3 пайызға, “Поиск” ВФ” ЖШС-інде 5,4 пайызға артқаны байқалды.
Индустриаландыру картасы
2010-2016 жылдары аралығында Индустриаландыру картасы бойынша 47 млрд теңгеге 54 жоба іске қосылып, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды, соның ішінде 2016 жылы 8,8 млрд. теңгеге 9 жоба іске қосылды.
Қазір кәсіпкерлікті қолдау картасына 41 жоба енгізілді, оның жалпы сомасы 72 млрд. теңге.
“К-704-4Р “Батыр” бренді мен тракторлар шығаратын Петропавл трактор зауытының ашылуы үлкен жаңалық болды. Бұл – жер жыртатын, топырақты өңдейтін, коммуналдық қажеттіліктерге жарайтын көп бейінді трактор.
Желтоқсан айында Елбасының қатысуымен өткен Жалпы ұлттық телекөпір барысында “Тайынша-май” ЖШС-нің майлы дақылдар өңдейтін зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Жоба қытайлық “Айцзю” компаниясы мен бірлесіп жүзеге асырылды.
2017 жылы құны 7,6 млрд. болатын 6 жоба іске қосылмақ, 300-ден астам жұмыс орны ашылады.
Таяу уақытта Сергеевка қаласында өз шикізатын пайдалана отырып, жылына 10 мың тонна қант шығаратын “Трансагроинвест” ЖШС-нің қант зауытын салу жобасын жүзеге асыру көзделген. Зауытты үстіміздегі жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорынның пайдалануға берілуі облыстың қантқа деген сұранысын 100 пайыз қанағаттандыруға мүмкіндік туғызады.
Инвестициялар
2016 жылы облыс экономикасына 165,7 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Былтыр Астана қаласында 33 дипломатиялық миссияның жетекшілерімен бизнесланч өткіздік. Осы кездесудің нәтижесінде Эстонияның, Германияның, Малайзияның, Швецияның, Қытайдың, Ресейдің және басқа да елдердің іскер топтарының өкілдері облысымызға іссапармен келіп, ынтымақтастықтың мүмкін бағыттарын талқылады. Жекелеген бағыттар бойынша қазірдің өзінде бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Инвесторлар үшін негізгі қызығушылық агроөнеркәсіптік кешен мен ауылшаруашылығы машиналарын жасау салалары болып табылады.
Кәсіпкерлік пен туризм
Біздің облыс демеу қаржы беру бойынша қол қойылған келісімдер саны жағынан республика өңірлері арасында 1-орында тұр.
Кәсіпкерлер бизнестерін дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдалануда. “Бизнестің жолкартасы – 2020”, “Жұмыспен қамтудың жолкартасы – 2020”, “Агробизнес – 2020”, “Өнімділік – 2020”, “Экспортер – 2020”, тағы басқа салалық және үкіметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Жол-көліктік инфрақұрылым
Біз үшін жол-көлік инфра құрылымын жақсарту және жаңғырту маңызды мәселе болып қала бермек. 016 жылы ұзындығы 143 шақырым “Астана – Петропавл” автожолын жаңарту жұмыстары аяқталды.
Жергілікті маңыздағы 385 шақырым автожол 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсалып жөнделді. 2016 жылдың желтоқсан айында Петропавл қаласы әуежайы терминалы және ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілді.
2017 жылдың қаңтар айынан әуежай толық көлемде жұмыс істеп тұр. Бұл өңір үшін ерекше маңызға ие, өйткені, бұл әуежай Ресей, еуропалық және азиялық компаниялардың жүктерін транзиттеу үшін географиялық тұрғыдан тартымды.
Тұрғын үй құрылысы
2016 жылы 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ, “СевКазЭнерго” АҚ қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысшы жастарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облысымыздың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақхана пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 2016 жылы “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның салымшылары және жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған тұрғындар үшін 834 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды, оның 3-еуі былтыр пайдалануға берілді. Қалған 7 үйдің құрылысы (келісімшарт міндеттемелері бойынша) 2017 жылы аяқталады. 1446 пәтерлік 16 тұрғын үй іске қосылады.
Сумен жабдықтау
2016 жылдың қорытындысы бойынша “2020 жылға дейін өңірлерді дамыту” бағдарламасы шеңберінде екі елді мекенде сумен жабдықтау жақсарды, 2 ауылға ауызсу берілді. Ауылдардың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 56 пайызға дейін өсті (2015 жылдың соңында 55,8 пайыз).
Бұл жобаны жүзеге асыру қолданыстағы тозығы жеткен сумен жабдықтау желілерін 2020 жылға дейін 72 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
“Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 2017 жылы 683 миллион теңгеге Петропавл қаласында су тарту бойынша 6 жобаны жүзеге асыру басталады.
Энергетика
2015 жылы жаңарту барысында жылу-электр орталығында құны 5,6 миллиард теңгенің №1 трубоагрегаты іске қосылды. Аталмыш турбина электр қуатын 63 МВт-ға (479 МВт-ға дейін) арттырды. Өткен жылы құны тиісінше 3,4 және 6,6 миллиард теңге болатын №12 жылыту қазандығы агрегаты және №5 турбиналық агрегатын іске қосу белгіленген қуаттылықты 479-дан 541 МВт-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Жылу желілерін жаңарту жобаларын одан әрі жүзеге асыру 2020 жылы құбырлардың тозуын 62 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Білім беру
Білім беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 98 пайызға жетті.
Өңірімізде үш ауысымдық білім беру мәселесін түбегейлі шешу үшін “Нұрлы жол” бағдарламасы шеңберінде облысымыздың аудандарында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Осы нысандарды пайдалануға беру нәтижесінде 2016 жылы үшауысымдық және апаттық мектептер мәселесі шешілді.
Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды.
Компьютерлік технологиялардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы компьютерлерді жаңартуға және бір мыңнан астам компьютерді сатып алуға бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Қазір 5 оқушыға 1 компьютерден келіп отыр. Облысымыздың 26 мектебінде IT-технология енгізу үшін 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап робототехника курсы өткізіледі, 107 робот жиынтығы сатып алынып, 1500 оқушы қамтылды.
2017 жылы елімізде Мемлекет басшысының “Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске асырыла бастайды.
Денсаулық сақтау
Өткен жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 20 пайызға артып, 25 млрд. теңгеге жетті.
2016 жылы медициналық ұйымдарды жөндеу мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 млрд. теңге бөлінді.
Әлеуметтік қорғау
Жұмыспен қамту саласын дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек. 2016 жылы 23 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 11,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 2016 жылдың үшінші тоқсанында 4,9 пайызды құрады. Күнкөріс деңгейі төмен тұрғындар саны 3,3,2 пайызға дейін төмендеді.
Аз қамтылған азаматтарды “Өрлеу” жобасы арқылы белсенді жұмыс түрімен тарту мақсатында 211 әлеуметтік келісім жасалып, 228 адам жұмысқа орналастырылды.
Мәдениет
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өткен жылы облыста тұрғындардың көпшілігінің қатысуымен 12 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілді. Облыстың театр-концерттік ұйымдары шалғай аудандардағы елді мекендерге 45 рет гастрольдық сапарға шықты. Спектакльдер көрсетіп, концерттер мен көрмелер ұйымдастырып, қайырымдылық шараларын өткізді.
2017 жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қазіргі ғимаратына ыңғайластырылған 500 орындық көрермендер залының құрылысы басталады. Бүгінгі күні оның жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жаңа ғимаратты 2018 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Спорт
Өңірде 170 мыңнан астам адам немесе жалпы халық санының 30 пайызы дене шынықтыру және спортпен айналысады.
2016 жылы спорт саласы 2,6 миллиард теңгеге қаржыландырылса, бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,1 миллиард теңгеге артық.
Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында спорттың хоккей, футбол, баскетбол түрлері жандануда. 2016 жылы “Қызылжар СК” футбол клубы Бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің, ал “Барыс” баскетбол клубы Жоғары лиганың ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегерлері атанса, 2015 жылы құрылған “Құлагер” хоккей командасы Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды.
Есепті кезеңде республикалық және халықаралық спорт жарыстарынан солтүстікқазақстандықтар 540 медаль әкелді, оның 361-і спорттың олимпиадалық түрлері бойынша. Рио-де-Жанейродағы 31-ші Олимпиада ойындарына бес солтүстікқазақстандық қатысты.
Жергілікті полиция қызметі
2016 жылы жалпы қылмыстың 10,6 пайызға төмендеуі байқалды.
«The Qazaq Times»