Еуропалық мемлекеттер Қытай мен Ресейден қорғану мақсатында ортақ армия құрмақ.

Страсбургте өткен жиында Германия канцлері Ангела Меркель Еуропа күштерін біріткіріп, әскери бірлестік құруға шақырды. Өз мәлімдемесінде ол: «Әскери бағытта ортақтасуымыз қажет. Еуропа сонда ғана мықты болады. Өз тағдырымызды өзіміз қолымызға алуымыз керек»,– деді. Оның айтуынша, Еуропа елдері НАТО-мен күш біріктіру арқылы ұлттық қауіпсіздікті сақтай алады.

Осыған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон Europe-1 радиосына сұхбат беріп, «Біз өзімізді Қытай, Ресей, тіптен АҚШ-тан да қорғауымыз қажет» – деген болатын. Макронның бұл ойына Германия қолдау білдірді. Daily Telegraph басылымын Париж бен Берлиннің армия біріктіруге тас-түйін дайын екендігін жазды. Ал Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп: «Еуропа бірінші кезекте НАТО-ның шығындарын азайтуға көмектессін. Шығынның басым бөлігін АҚШ көтеріп отыр», – деп Макронның бұл ойын сынға алды. Сонымен қатар, Трамп бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропа мемлекеттерін Қытай мен Ресейден қорғап қалған негізгі күш – Германия армиясы екенін еске салды. Ол Twitter парақшасында «Мұның арты Францияны қандай жағдайға әкелді?» –  деп қысқа қайырды.

Еске сала кетейік, өткен аптада Аустралия Азия-Тынық мұхиты елдерін Қытайдан қорғау үшін аталған аймақтардың инфрақұрылымдық жағдайын жөндеу мақсатында арнайы қор ашатынын мәлімдеген болатын. Себебі, 2010 жылдан бері Бейжің тарапы осы аймақтағы елдердің экономикасы мен туризм саласын дамыту үшін 1,5 миллиард доллар несие бөлген. Қытайдың бұл «қызығушылығы» өз кезегінде Батыстың алаңдаушылығын туғызды. Осыған қатысты Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисон: «Қордың басты мақсаты – Қытайдың ықпалын тежеу» екендігін айтқан.

"The Qazaq Times"