Үш жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырылған Ұйғыр ауданының апарат басшысы Сұлтан Исламовты кім тайраңдатып отыр? Мемлекеттік қызметкер ретінде өрескел қателіктерге барса да неге қызметінен шеттетілмейді?
Бұндай сұраулы әрі салмақты уәжді «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов айтты. Біз еркін пікір алаңы ретінде аймақ тұрғынының осы бір ащы пікірін қаз қалпында беріп отырмыз.
– Естіген құлақта жазық жоқ, «Біздің Сұлтанның қолында аңыздағы Сүлеймен Сұлтанның жүзігі бар. Себебі, оның амандығын Амандықтың өзі жауапты еткен» дегенді де естідік. «Жетісу» газетінің (облыстық – ред.) биылғы 29 қыркүйектегі №108 cанында жарияланған Әдеп кеңесінің отырысы туралы мақалада аудан әкімі аппаратының басшысы Сұлтан Исламовтың куәліксіз көлік жүргізгені, мас күйінде рульде ұсталғаны үшін сот шешімімен 28.12. 2018 мерзіміне дейін көлік жүргізуге құқығы жоқтығы анықталғанын, оған қатаң сөгіс берілгенін оқыдым. Ол осы қызметке осымен үшінші рет келіп отыр. Оның алдыңғы екі ретінде де мәселе көтерілген. Айталық, өзіне тиеселі үкімет берген үйді жақын туыстарына беріп, өзі Шонжыдағы 30 шақырым қашықтықтағы Үлкен Ақсу ауылынан күнделікті қызметтік көлікпен қатынап жүргені туралы шағым түскен еді. Алайда бұл мәселе белгісіз себептермен аяқсыз қалды. Бұдан бөлек, С. Исламов үйреншікті аппарат басшысы лауазымына кезекті үшінші рет келердің алдында аудан ақсақалдарының пікіріне аудан әкімі Ш. Нурахновтың пысқырмағаны, осы жайға байланысты алты ақсақалдың облыс басшысына жазған пікірлері де ескерілмегені есіме түсіп, «Сиынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын» деген сөз еріксіз ойға оралған-ды. Ойлаңызшы, аудандағы әкімнен кейінгі лауазымды тұлғаның осындай өрескел, тіпті қылмысты әрекеттерінен соң қарапайым халықтың билікке деген сенімі жоғалатыны ақиқат. Артымыздағы ұрпаққа көрсеткен үлгіміз осы болса, «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» демегенде не дейміз? – дейді Жәнет Сәдіұлы.
Осы жайдан соң Жәнет Керімқұлов айтқан Әдеп кеңесіне де хабарластық. Кеңес төрағасы, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев бұл мәселе туралы:
– Сізге не түскенін мен білмеймін ( қандай арыз – ред.). Біздің балалар рейдке шыққанда ол жеке меншік машинасын куәліксіз айдаған. Ол жұмыстан алынатын статия емес. Ол Әдеп жөніндегі кодекске қайшы келген. Біз оған кодекс шеңберінде сөгіс бердік, – дейді Серікбай Өрікбайұлы.
Осылайша сөзінің «дәмін» бірыңғай «ол» сөзімен келтірген департамент басшысы өздерінің заңнан аттап өте алмайтынын, тиісінше, С. Исламов мәселесі де сол кодекс шеңберінде қаралғанын атап өтті.
Айта кетейік, 2018 жылғы 4 тамыз күні Ұйғыр ауданында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Жолдарда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша 10 қадам» жобасын іске асыру мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Нақтырақ айтқанда, аталған жобаның бесінші қадамындағы «Заң алдында барлығы тең» принципі көзделген. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп атқарылған шараға аудандық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің өкілі Б. Исабаев та қатысады.
Рейдтік іс жүргізу кезінде Ұйғыр ауданы әкімінің аппарат басшысы С. Исламовтың тізгіндеуімен В 844 АТО мемлекеттік нөмірлі «Nissan X-Trail» маркалы автокөлік тоқтатылады. Полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру барысында С. Исламовтың жүргізуші куәлігі Ұйғыр ауданы сотының шешімімен 3 жыл мерзімге, яғни, 2018 жылдың 28 желтоқсанына дейін басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Осыған байланысты С. Исламовқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Ең қызығы – С. Исламов мәселесіне орай республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында да бірнеше рет материал жарияланып, оның бұндай лауазымды қызметке лайық емес екені айтылса да, еш нәтиже болмаған. Бәлкім, төртінші биліктің төте жолдаған сауалын төбедегілер тыңдамады, бәлкім, «күштінің арты диірмен тартады» деген мақалдың ақиқатынан ба еді, кім біліпті?!
Әгәрәки, олай болса, соңғы уақытта ел аузында жаттала бастаған «Біздің Сұлтанның қолында аңыздағы Сүлеймен Сұлтанның жүзігі бар. Себебі, оның амандығын Амандықтың өзі жауапты еткен» деген пікірге халықтың біржола сенуіне тура келгендей?..