Қытай алғаш рет Аустралияның (Австралияның) ең ірі әскери оқу-жаттығуына қатысты. Аустралия стратегиялық Darwin айлағына жақын теңіз айдынында өткізіліп жатқан Какаду әскери жаттығуына 27 елден 3000-нан астам жауынгер, 23 кеме және суасты қайықтары қатысуда. Оның сыртында Аустралияның әуе күштері жағынан 21 ұшақ қатыстырылған. Бұл туралы  VOA жаңалықтар қызметі хабарлады.

Бұл Қытай теңіз күштерінің алғаш рет АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия және Канада арасындағы жаттығуға қатысып, басқа елдермен теңіз қорғаныс саласында істестік орнатуға мүмкіндік алып отыр. Әрі, бұл Қытай-Аустралия арасындағы шиеленістің күшейе түскен кезіне тура келді.

Аустралияның Royal теңіз плотына қарасты Ньюкасл фрегатының капитаны Сериктің айтуынша, аустралиялық екі әскери лауазымды жаттығу кезінде Қытай теңіз күштеріне қарасты «Хуаңшан» фрегатында болған.

Сәуір айының соңында Аустралияның үш әскери кемесі Оңтүстік Қытай теңізінде шарлау жүргізгені үшін Қытай-Аустралия арасында дау-дамай туылған еді. Ал, мамыр айында АҚШ Қорғаныс министрлігі Гавайи бірлескен әскери оқу-жаттығуына қатысу өтінішін қабылдамай тастаған еді. Әрі, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі әскери ықпалын арттыру әрекеттерін сынға алған болатын.  Бейжің жақ бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.

Үстіміздегі жылдың бас шенінде, Аустралияның БАҚ-ы барлау агенттігінің есебін жариялап, Қытай Коммунистік Партиясы көп жылдан бері Аустралияның негізгі саяси партияларына «ендеп кіргенін» айтқан болатын. Елдің премьер-министрі өз кезегінде, Қытай тарабының Аустралияның ішкі істеріне жасырын араласуға тырысқанын сынға алған.

Екі ел арасындағы кірбеңдік тек бұл ғана емес. Осыдан бірнеше апта бұрын ғана, Бейжің билігі Аустралияның ABC-ді (Аустралиялық хабар тарату корпорациясы) Қытай заңдарына қайшылық жасады деп айыптап, оның Қытай территориясындағы веб-сайтына, ұялы телефондағы қосымшаларына шектеу қойды. Бірақ, ABC тарабы жасаған мәліметте, ҚХР-ның қандай заңын бұзғаны туралы нақты түсінік бермегенін айтты.

“The Qazaq Times”