Ресей 300 мың сарбаздың қатысуымен соңғы 30 жылда болмаған әскери оқ-жаттығу жұмыстарын өткізбек.
Интерфакс ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ресей қарулы күштері қыркүйек айының 11-і мен 15-і күндері аралығында 300 мың сарбаздың қатысуымен «Шығыс-2018» әскери оқу-жаттығу жұмыстарын өткізбек.
28 тамыз күні аталмыш оқу-жаттығу жұмыстарына қатысты мәлімдеме жасаған Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу: «Бұл жолғы әскери оқу-жаттығу жұмыстары 1981 жылы өткен «Батыс-81» оқу-жаттығу жұмыстарына ұқсас. Бірақ оданда ауқымдырақ. «Шығыс-2018-ге» бір мыңға жуық ұшу аппараттары мен 300 мыңнан астам сарбаз және Тынық мұхиты мен Солтүстік флот та қатысады. Оқу-жаттығу жұмыстары Шығыс және Орталық әскери округтерінің барлық сынақ алаңдарында өтеді» - деп мәлімдеді.
НАТО елдері Ресей қарулы күштерінің бұл жолғы ауқымды әскер оқу-жаттығу жұмыстарына «Мәскеу үлкен соғысқа дайындалуда» деген баға берді.
Бұған дейінгі Кеңестер одағы тұсында Варшава келісімі елдерімен бірлесіп өткен «Батыс-81» әскери оқу-жаттығу жұмыстары Польша шекарасы маңында өткен. Ол кезде ресми Мәскеудің бұл әрекетін батыс елдері «СССР өз күш-қуатын әлемге паш етуде және ауқымды шабуыл жасау операциясына дайындалуда» деп бағалаған.