Армения СІМ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің ҰҚШҰ-ға қатысты мәлімдемелеріне жауап берді – деп хабарлайды АрмИнфо ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, Армения СІМ баспасөз хатшысы Анна Нагдалян Ұжымдық қауіпсіздік туралық келісім шарт ұйымының бас хатшысы Юрий Хачатуровқа қатысты жасаған Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің мәлімдемелеріне жауап берген. Онда ол: «Арменияның ҰҚШҰ-дағы бас хатшысын ауыстыру ұзаққа созылатын процесс. Ресми Ереван ішкі сот процестерін ҰҚШҰ-дан бөліп алғысы келеді. Қол жеткізген келісімдерге байланысты жұмыстарды ҰҚШҰ кеңесі бекітуі тиіс. Ол шешімдер алдағы уақытта халық назарына ұсынылатын болады» - деп мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен өткізген кездесуінде ҰҚШҰ бас хатшысы Юрий Хачатуровқа қатысты мәселені «проблема» деп атаған.
Шілде айының 26-күні Армения тергеу қызметі экс-президент Роберт Кочарянға «2008 жылдың 1 наурызында болған қарсылық акциясы кезінде Конституцияны аяқ асты етті» деген айып тағып, екі айға қамауға алған. Аталмыш іс бойынша Кочарянмен қатар экс-қорғаныс министрі Микаел Арутюнян мен ҰҚШҰ бас хатшысы Юрий Хачатуровтың үстінен де қылмыстық іс қозғалған.