Кеше, 10 шілде күні Түркістан облысында «Бұл — біздің таулар!» атты фестиваль басталды. Үш күнге созылатын бұл шара «Сайрам-Өгем» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің аумағында өтеді.
Фестивальге қатысуға Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан және Шымкент қаласынан 30-ға жуық альпинист арнайы келген.
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған бұл шараның мақсаты — ішкі, спорттық-экологиялық туризмді дамыту, облыстың туристік әлеуетін насихаттау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру.
Бұл фестиваль Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би сияқты қазақ халқының ұлы қайраткерлеріне арналған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 шыңға 3 бидің аты беріліп, альпинистер сол 3 шыңды бағындырады.
Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен де көптеген сайыстар өтеді. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама да ұйымдастырылған.