Қытай мен Ресей Орталық Азияда бәсекелес емес – деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігінің мәдіметінше, Қытай сыртқы істер министрі Ван И агенттікке берген сұхбатында ресми Бейжің мен Мәскеудің Орталық Азиядағы саясатына қатысты пікір білдірген. Онда ол: «Біз Орталық Азияда үстемдік құруды көздемейміз. Аталмыш мәселеде жекелеген күштер Қытай мен Ресей арасына сына қаққысы келеді. Бірақ ресми Бейжің мен Мәскеу Орталық Азияда бәсекелес емес. Ресей мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасының тарихы тереңде. Аймақ елдерінің сыртқы саясатында Ресейдің алатын орны екекше. Қытай елі бұны жоғары бағалайды және үлкен құрметпен қарайды» - деп мәлімдеген.
Осы тұста айта кететін бір жайт, соңғы уақыттары ресейлік және әлемдік БАҚ беттерінде Орталық Азиядағы үстемдік үшін Қытай мен Ресей арасында жасырын бәсекелестік жүріп жатқандығы жөнінде жиі айтылуда. Оның үстіне халықаралық ұйымдар соңғы жылдары Қытай билігінің Орталық Азия елдеріне нәсие мен инвестицияны Ресеймен салыстырғанда екі-үш есеге көп бөліп жатқандығын алаға тартуда.
Жалпы, Қытай осы уақытқа дейін "Бір белдеу - Бір жол" жобасы аясында әлемнің 65 еліне 8 триллион доллардан астам қаржы құйған. Олардың ішінде Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан да бар. АҚШ сарапшыларының пікірінше, Орталық Азия елдері арасында болашақта Қытай несиесін қайтаруда Қырғызстан мен Тәжікстан экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Себебі ресми Бішкек пен Душанбе қазірдің өзінде Қытай банкерінен шамадан тыс көп несие алып үлгерген.