Түркия АҚШ тауарларына салынатын салық көлемін арттырды – деп хабарлайды Associated Press ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, ресми Анкара Түркияға АҚШ-тан келетін автокөліктерден бастап, көмір, виски, темекі және қарапайым қағаз өнімдеріне дейінгі аралықтағы тауарларға салынатын салық көлемін өсірген. Анкараның бұндай қадамдарға баруына ресми Уашингтонның Түркия алюминийі мен болат өнімдеріне салынатын салық көлімін арттыруы себеп болған.
Қазіргі таңда Түркия АҚШ-тан жылына жалпы құны 1,8 миллиард долларды құрайтын тауар импорттайды. Ал АҚШ өз кезегінде Түркиядан жылына 1,1 миллиард долларға алюминий мен болат сатып алады.
Естеріңізге салайық, наурыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп елге келетін алюминий мен болат өнімдеріне салынатын салық көлемін 25 пайызға арттыратынын мәлімдеген. Оған жауап ретінде Еуроодақ елдері АҚШ тауарларына салынатын салық көлемін 22 маусымнан бастап 25 пайызға көтеретінін жеткізген.