Жаркент түбінде ЯК-12М әуе кемесімен болған апатты тексеру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы индустрия және даму министрлігі хабарлады. Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, ұшақтың құлауына - ұшқыштың тізгінді басқара алмай қалуы себеп екен.
Тексеру тобы ұшақ апатқа ұшырамас бұрын, жерге жақын биіктікте және жоғарғы жылдамдықта ұшқанын анықтады. Оның үстіне, ұшқыш қажет емес маневрлар жасап, әуе кемесінің оң қанатын жерге ұрып алған көрінеді. Осының кесірінен шағын ұшақ апатқа ұшырап, түгі қалмай жанып кеткен. Салдарынан тізгінде отырған ұшқыш Халит Ақбердинов пен 39 жастағы шаруа қожалықтың басшысы Мәсімжан Мәсімов көз жұмған.
Сараптама нәтижесінде мамандар төмендегі факторлар мен кемшіліктерді анықтады:
- Әуе кемесінің командирі ұшу алдындағы демалыс кезінде алкагольді асыра пайдаланған;
- Ұшаққа шамадан тыс жүк тиелген;
- Ұшақты басқаруға жанындағы жолаушының кедергі келтіруі (ұшақ құлар кезде үрей құшқан жолаушы тізгінге жармасуы мүмкін).
“The Qazaq Times”