Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Қаддафидің ресми аудармашысы Мефтаһ Әбдаллаһ Миссури Қаддафидің жомарттығын тек Францияның бұрынғы президенті Саркозидің ғана пайдаланбағаны, Мысыр мен Тунистің бұрынғы басшыларының да одан көмек сұрағаны жайында мәліметтерді таратқан. Бұл "Sputnik News ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған ақпарат агенттігіне сұхбат берген Миссури: "Кезінде Қаддафиден Мүбарак (Мысырдың бұрынғы басшысы Хусни) пен Бин Әли (Тунистің бұрынғы президенті Зейнел Абидин) де көмек сұраған еді. Ол Азиядан бастап Латын Америкасына дейін, барлық "үшінші әлем" елдеріне көмек көрсететін. Мысалы, Францияның Сыртқы істер министрлігінің бюджеті 1 млрд. 700 млн. еді. Бұл қаржының 780 млн.-ы оның өзге елдермен қарым-қатынасын дамыту үшін және оларға көмек көрсету үшін бөлінді. Ал Ливияда мұндай мақсаттар үшін ешқашан алдын ала қаржы бекітілмеді. Біз табиғат апаттарынан, ашаршылықтан зардап шегушілердің бәріне көмек көрсеттік. Оларға дәрі-дәрмек, ұшақ жіберетінбіз. Бізден көмек сұраған қандай да бір ел басшысына жарты миллион мен 5 миллион динар аралығында көмек берілетін" , - деді. Сондай-ақ, Қаддафидің Саркозидің сайлау науқанын жеке өзі қаржыландырғанының рас екенін айтқан Миссури, төмендегі сынды бірқатар сауалдарға жауап берді:
"20 млн еуро берді"
Саркозидің сайлау науқанына қатысты кездесулерден бөлек, Қаддафидің барлық маңызды кездесулеріне аудармашы ретінде қатысқанын айтқан Миссури, "Ливия билігі Францияға 50 млн. еуро ұсынды, алайда 20 млн. еуро жеткілікті болды" , - деді.
"Мысыр мен Тунис президенттері көмек сұрады"
"Муаммар Қаддафиден тағы кімдер көмек сұраған?" , - деген сауалға Миссури: "Мысыр мен Тунис президенттері. Олар билік басынан Қаддафиден бұрын кетті. Сондықтан, ол қиналған кезде ешқандай көмек көрсете алмады. Африка елдері Ливияда 2011 жылдың 11 ақпан айында басталған ереуілдерді ауыздықтауға тырысты, алайда сәтсіз болды. Қаддафиге Оңтүстік Африка Республикасы, Венесуэла және Беларусь көмек қолын созды, алайда ол отанын тастап кеткісі келмеді" , - деді.
"Қаддафидің ақшалары қайда?"
Миссури бұл сауалға: "Муаммар Қаддафи қаза тапқаннан кейін оған тиесілі ешқандай дүние табылмады. Оның атындағы үйлердің барлығы ресми түрде Ливия Жинақ Қорлар министрлігіне және балаларға аударылды. Ал қолма-қол ақша онсыз да жоқ еді. Қателеспесем, шетел бактерінде Қаддафидің атына ашылған есепшот жоқ. Мүмкін, балаларының атына ашылған есепшоттар бар болар, алайда мен ол жағын білмеймін. Мен Муаммар Қаддафи отбасының емес, оның өзінің аудармашысы болдым , - деп жауап берді."