Францияда бұрынғы президент Николя Саркозиге қатысты сот басталды. Экс-президентке сыбайлас жемқорлыққа барып, тергеуді жүргізуге кедергі келтірді деген айып тағылған.

Franceinfo мәліметінше, 65 жастағы саясаткер өзіне қарсы тергеу туралы мәліметтер алу үшін адвокаты арқылы бір прокурорды сатып алуға тырысқан. 2013 жылы сот оны осы іс бойынша ақтап шығарған. Бірақ басқа істі тексеру кезінде оның адвокатпен әңгімесі жазылып, экс-президентке қарсы жаңа айғақтар пайда болған. Егер Саркозидің кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 1 миллион еуро айыппұл төлеуі мүмкін.

2017 жылы да Николя Саркозидің басы дауға қалған. Сол жылы Саркози «FIFA жемқорлық дауының белді қатысушыларының бірі» деген күдікке ілінді. Атап айтқанда, ол 2022 жылы әлем чемпионатын өткізу мәртебесін Катарға жеңіп алуға көмектескені үшін бірнеше заңсыз қаржы операцияларын жасаған. FIFA жемқорлық дауын тексеруші топтың зерттеулері бойынша, Николя Саркози Катарға ПСЖ (Пари Сен-Жермен) футбол клубын, Qatari Diar инвестициялық  компаниясына франциялық коммуналды қызмет түрлерін көрсететін компанияны сатқан. Бұдан бөлек FIFA басшылығы бұған дейін де Францияның экс-президентін жемқорлыққа бару арқылы Катарға 2022 жылы әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңуге көмектесті деп айыптаған болатын.

Николя Саркози 2007-2012 жылдар аралығында Франция президенті болған. Ол 2012 жылы президенттік сайлаудан ұтылып қалған. 2016 жылы кандидатурасын қайта ұсынғанымен жеңіске жете алған жоқ.

"The Qazaq Times"