Кеше, Астанада «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» атты халықаралық конференция өткен болатын. Конференция алда келе жатқан Тұңғыш президент күніне арналып ұйымдастырылған. Оған БҰҰ өкілінен тартып әлемнің 14 елінен лауазымдылар және Қазақстан үкіметінің өкілдері қатысты. Түрік елінен Түркия Ұлттық Мәжілісі төрағасының орынбасары Ахмет Айдын конференцияда Гүленшілермен күресуде қазақстандық әріптестерінің қолдауын сұрады.

Түркияның «Түрік Теле-Радио» қызметінің ресми сайтында кешегі конференция туралы хабарлай келіп, Ахмет Айдынның Фетхуллах Гүленнің екі елдегі жақтастарына ортақ күресу туралы сөздерін алға тартқан. Ахмет Айдын сөзінде түрік елінде өткен жылдың 15 шілдесінде болған әскери төңкерісінен кейін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына алғыс білдірді. Сонымен бірге, Фетхуллах Гүленді террористік топтың жетекшісі ретінде атап, оның қолдаушыларымен ортақ күресуге шақырған.

Ахмет Айдынның сөзіне қарағанда Гүленшілер медиа, білім беру және бизнес салаларындағы қолдаушылармен күресу үшін Қазақстан мен Түркия арасында ынтымақтастық орнату керек екен. Конференциядан кейін Ахмет Айдын бастап келген делегация Қазақстан Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинмен жабық кездесуде болды. Кездесуде екі ел арасындағы қарым-қатынастар талқыланды.

Айта кетейік, Ердоған билігі өткен жылы шілдеде болған әскери төңкерістің басты ұйымдастырушысы АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүлен деп көрсетеді. Түркия үкіметі осы үшін АҚШ-тан Фетхуллах Гүленді Түркияға өткізіп беруін бірнеше рет талап етті. Тіпті, Түркия жаққа Құрама Штат тарабынан Гүленді ұрлап шықпақшы болды деген де айыптар тағылды.

“The Qazaq Times”