Түркияның арнайы қызметкерлері соңғы екі апта ішінде 30-дан астам ресейлікті қамауға алды. Бұлардың Ресейдегі мұсылман азаматтары екені анықталған. Қамауға алынғандардың айтуынша, биліктің қысымынан кейін өз өлкелерінен кетіп қалған. Мәліметтерге қарағанда, соңғы айларда тегі ресейлік болған 80-нен аса күмәнді адам тұтқындалған. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлады.
Қамалғандардың арасында қарттар мен әйелдер де бар. Ұсталғандар туралы мәлімет берген ресейлік эмигранттар ақпарат құралдарына аты-жөнін айтудан қорқады. Түркияның ресмилері бұл іс туралы нақты мәлімет беруден бас тартқан. Оның себебін өткен жылғы төңкерістен кейін жолға қойған қатаң талап бойынша, ұлттық қауіпсіздікке байланысты істер туралы мәлімет беруге жол бермейтінін айтады. Тек, ресейлік мұсылмандардың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруінен алаңдап, осы қадамды жасадық деседі.
Бұл істің жай-жапсарын сұрастырған ақпарат құралдарына Түркияның ресми өкілдерінен анық жауап жоқ. Тек өткен жылы Түркияда болған төңкерістен кейін елде жолға қойылған өзгеше сақтық шараларының бірі екенін алға тартады. Соған байланысты ұлттық қауіпсіздікке саятын мәселелер бойынша мәлімет таратуға шектеу қойылған.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл қадам Анкара мен Мәскеу билігінің ымыраласа бастағанын түсіндіреді. Ресейден эмигрант болып сыртқа шыққан мұсылмандарды Мәскеуге қарасты арнайы қызметкерлер Түркия арқылы тұтқындап жатқан болуы мүмкін делінуде. Ресейдің арнайы сұрауы болмаса олар туралы істі анықтауға ақтаушы заңгерлер де араласа алмайды екен.
Түркияға барған ресейлік мұсылмандарды қамауға алу бұдан бұрын да болған. Екі ел арасында қылмыстық істер бойынша қудаланғандарды қайтарып беру туралы келісім 2014 жылы жасалған. Тек биылғы жылдың маусым айында ғана атқарылды. Сол ретте Ресей Ішкі істер министрлігі 800-ге жуық ресейлік мұсылманды «Ислам Мемлекеті» террорлық ұйымына қатысуға әрекет етті деп айыптап, Түркиядан алып кеткен. Радикалды топтарға қатысы бар деген айыппен елге қайтарылып алынғандар арасында Шешенстандағы соғысқа қатысы бар деп қудаланғандар да болу мүмкін. Түркиядағы ресейлік мұсылмандар ұсталғандардың көбі экстремизммен байланысы жоқ жазықсыз адамдар екенін айтады.
Түркия үкіметінің жанында құрылған СЕТА аналитикалық орталығының мәлімдемесіне сенсек, Ресей жақтың Түркиядағы мұсылмандар жөніндегі айтқандары негізсіз болмаса керек. Бұл екі ел арасындағы саясатпен байланысы жоқ дегенді алға тартады. Сондай-ақ, олар «соңғы бір жарым жыл ішіндегі Түркияда болған террорлық шабуылдардың екеуі ресейлік мұсылмандармен қатысы бар және олар КМШ ұйымының мүшелері» деген мәліметті жеткізді.
2016 жылы 28 маусымда Стамбул әуежайында ресейлік және КМШ ұйымының мүшесі болған үш адам жолаушыларға оқ атқан және өздерін жарып жіберген. Үкімет жағынан теракт деп қаралған оқиғада 45 адам көз жұмған.
«2017 жылы 1 қаңтарда тегі өзбекстандық азамат Стамбулдағы түнгі клубта оқ атып, 39 адам қаза тапқан. Осыдан кейін Түркияның арнайы қызметкерлері орыс тілді мұсылмандар көбірек шоғырланған орындарда арнайы операциялар алып барды», - дейді СЕТА.
Түркиядағы ресейлік мұсылмандардың нақты санын ешкім білмейді. Статистика мекемелері оларды жалпы миграция ішінде санап келеді. Қазіргі кезде Сүрия мен Иракта шебінен айырылған «ИМ» содырлары Түркияға қашып баруда. Түркия ІІД-нің мәліметінше, Сүрия мен Ирактан шекара бұзып өтуге әрекет еткендердің басым көбі ресейлік мұсылмандар. Мұндай жағдайда Түркияның экстремизммен күресуде Ресеймен ынтымақтасуы орынды сияқты. Дегенмен, Ресейдің арнайы қызметкерлері Түркиядағы ресейлік мұсылмандар арасында Мәскеудің Сүриядағы қадамдарына қарсы пікірін көбірек білдіргендерді де экстремистер қатарына қосып отырған болуы бек мүмкін.
Түркиядағы ресейлік мұсылмандар ендігі жерде өздерінің өмірлерінің қауіпсіздігінен алаңдап отырғанын жеткізді. Осыдан бұрын да Ресейден шыққан кейбір белсенді тұлғалар Оңтүстік Кавказда және түрік жерінде өлтірілген болатын. Бұл жағында Мәскеудің құрығы ұзын екені жұрттың бәріне мәлім. Кеңестен қалған «үш әріп» қазірдің өзінде белсенді күйде жұмыс істеп келеді.