АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға сапары кеше түстен кейін ресми басталған еді. Құрама Штат президентінің бұл сапары АҚШ-тың Қытайға қаратқан саясатын анық бағамдауға туған үлкен орай. Оның үстіне Трамп сапары Қытай басшысы Ши Жинпиңнің үгіт-насихаты күшті жүріліп жатқан мезгілге тура келіп отыр. «Азия Азаттық Радиосының» (RFA) хабарлауына қарағанда, АҚШ-тағы және халықаралық кісілік құқықты қорғау ұйымдары президент Трампты, осы орайда Қытайдағы кісілік құқық мәселесіне қузау салуға шақыруда. Әрі бұл ұйымдар Трамп сапары кезі Қытайдан кісілік құқықты басымырақ талап етудің орайы деп қарауда.
Осыған байланысты Құрама Штаттағы адам құқығын қорғауға қатысты органдар президент Трампқа барынша талаптарын жеткізіп беруде. Конгресс қарамағындағы Қытай істері комитетінің басшылығы және Кеңес палатасының жетекшісі Марко Рубио және оның орынбасары президент Трампқа арнайы хат жолдап, кездесу кезінде кісілік құқық мәселесін тілге тиек етуді сұрады.
Талап хатта кісілік құқыққа қатысты бірнеше мазмұндар анықтап көрсетілген. Соның бірі Қытайдағы ғаламтор цензурасы. Екі үкімет басшыларының кездесуі кезінде Қытайдың жолға қойып отырған ғаламторға жасаған шектеу әрекеті кісілік құқықты таптау болып табылатынын ашық айтып, АҚШ-тың кісілік құқықты қорғау талаптарына құрмет етуін ортаға салуды ұсынды. Екіншісі Қытайдың Құрама Штаттан қайтарып беруді талап еткен бірнеше тұлғаларына қатысты. Қытайдың саяси қылмысты ретінде қайтарып беруді талап етіп отырған адамдарына халықаралық өлшемдерге сай қайтарып алу талаптарын орындаған жағдайда ғана іске асатыны туралы ескерту. Үшінші, Гонконгтың демократиялық түзімін қолдауды АҚШ-тың маңызды күн тәртібіне қою. Қытайда тұрып жатқан америкалықтардың құқықтарын қорғауды күшейту.
Осы талаптардың арасында саяси қылмыскер ретінде Қытай түрмесінде отырған бірқатар адамдардың есімдері де аталған. Айталық, Трамп үкіметінің Жяң Тяниоң, Таң Жыңлиң, Илһам Тоқты (ұйғыр), Гау Жышың, Лю Шия қатарлы адамдардың ісіне баса назар аударуын сұраған. Бұлардан сырт Қытай түрмесінде 1400-ден астам саяси қылмысты деп аталған адамдардың бар екенін ескерткен. Талаптардың бесіншісі болып, Қытай үкіметінің Венесуэла президенті Николас Мадуроның диктаторлық саясатын астыртын қолдап отырғанын алға тартқан. Президент Трамптың бұл жәрдемді тоқтатуын өтінген. Талап хаттың түйіні ретінде Қытай үкіметінің халықаралық және америкалық демократия пайымдарына құрмет етіп, екі ел халқының баянды қарым-қатынасын орнатуға тырысуын үміт еткен.
RFA-осыған ұқсас тағы бір хабарында, Халықаралық кісілік құқық ұйымдары Трамп сапарынан пайдаланып, Қытайдың діни нам-сенім бостандығына қысым түсіріп отырғанын, тибет пен ұйғыр автономиялы аймағындағы аз санды ұлттардың дін өкілдерін қамауға алғаны туралы Трампқа мәлімет беріп, Қытай сапары кезінде бұл мәселелерді келіссөздің бір тармағына енгізуді талап еткен.
Кісілік құқы, демократия және наным-сенім бостандығы туралы Қытай үкіметіне талаптар, Трамп сапарында ғана емес бұдан бұрын да айтылып келді. Қытай үкіметі елдің ішкі ісі деген желеуді алға тартып, аз ұлттарға қысым көрсетіп отырғаны жалпақ әлемге белгілі. Тек Трамп бұл мәселелерді келіссөздің бір тармағына қосып, Ши Жинпиңмен келісімдер арасында сөз етті ме, жоқ – бұл туралы әзірге беймәлім. Трамп бұл тақырыпты сөз еткен күннің өзінде салқын қанды Қытай басшысы оған толымды жауап қайтара қояр ма екен. Қалай болса да, шекараның арғы жағындағы қандастардың да құқығына саятын бұл тақырып, оңды шешім тауып жатса құба құп.