Моңғолия елінде бір қандасымыз сол елдің Құрылыс және қала құрылысы министріне ұсынылды. Министр атанған Бәделхан Қабдісіләмұлы бұған дейін Баян-Өлгей аймағының әкімі, Парламент мүшесі, Өнеркәсіп министрлігінің вице-министрі қатарлы лауазымды қызметтерді атқарған. Бәделхан Қабдісіләмұлы Моңғолияда 21 жылдан кейін министр атанып отырған қазақ азаматы. Бұл туралы Моңғолияның қазақ тілді ақпараттық порталы «КАZNEWS.MN» хабарлады.
1962 жылдан бері Моңғолияда бес бірдей қазақ азаматы министр болған.
1. Моңғолия қазақтары арасынан алғашқы болып 1962-1965 жылы, 1968-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының Құрылыс, құрылыс материалдары өнеркәсіп министрі қызметін Тілейхан Орынұлы атқарған. Құрылыс саласында сіңірген еңбегі, өзіндік қолтаңбасы қалған. Ұланбатыр қаласындағы Құрылыс Политехникалық колледжі Тілейхан Орынұлының атына берілген.
2. 1980-1987 жылдары Геология, тау-кен министрі, 1987-1991 жылдары Табиғат қорғау министрі қызметін Мәулет Ұтқанұлы атқарған. Налайхан шахтасының дамуына зор үлес қосып жаңа техника, технологиялық жаңарту енгізгені үшін «Мемлекеттік сыйлық иегері» атанған.
3. Моңғолияның Тотаритарлық жүйеден нарықтық жүйеге ауысу кезеңі яғни 1991-1992 жылдары Моңғолияның Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін Зардыхан Қинаятұлы атқарған.
4. 1992-1996 жылдары Моңғолияның Көлік коммуникация және инфрақұрылым министрі қызметін Сандалхан Раздықұлы атқарған. Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгийден екі мәрте сайланған.
Ал осы ізді жалғап, бесінші рет моңғол жұртында министрлік қызметке тағайындалған Бәделхан Қабдісіләмұлы. 17 қазан күні ел президенті Х.Баттулга Б. Қабдісіләмұлын қабылдап, оған аталған саланың ақсап тұрған жұмыстарын сеніп тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін моңғол жұртында 9 қазақ қандасымыз вице-министр лауазымында болған.
Әлемнің әр түкпірінде де қазақтың мақтанышы мен абройы ортақ. Ал сол абырой-беделін асқақтатып жүрген азаматтардың әр қадамына сәттілік тілейміз!