Шетелік БАҚ өкілдерінен бастап, қазақстандық БАҚ-қа дейін жарыса жазып, сызып, айтып жатқан қазақ-қырғыз қарым-қатынасының ушығып тұрғанына бір айдан астам уақыт өтті. Қазақстанды бірі мақтап, бірі даттап жүрген қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігін сынап күн ара мәлімдеме жасауды әдетке айналдырды. Қазақстан билігі оған қарсы ресми жауап қатпаса да шекара күшейту, қырғыз сүт өнімдерін елге кіргізбей қою сынды түрлі қадамдарға баруда. Жалпы қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы дау Қырғызстанда президент сайлауы аяқталса да басылар емес.
Қырғыз елінде президент сайлауы аяқталғанына бүгін үшінші күн. Бірақ елдің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігіне қарата мәлімдеме жасауын тоқтатар емес. Көпшілік Атамбаевтың бұған дейінгі мәлімдемелерін сайлау кезінде өзінің саяси ізбасары Сооронбай Жээнбековқа ұпай жинап беру үшін жасады» десе, қазір оның не үшін даурығып жау іздеп жүргенін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені ол мәлімдеме жасаған сайын қазақ билігіне тоқталып кететін болған. Атамбаев тіпті өзінің соңғы айтқан сөзінде Қазақстан мен Ресей арасына от салып, АҚШ-ты да айналып өтпеді. Ол қырғыз студенттеріне президент шәкіртақысын беру салтанатты шарасында: «Мен мүмкін бұған дейін Назарбаев жайында эмоцияға беріліп көп дүниені дұрыс айтпаған шығармын. Ол кісі де мен сияқты сенгіш адам. Мүмкін оның басындағы проблема менікінен қарағанда көп шығар. Бірақ оның жанындағы олигархтардың қойған мақсаты басқада. Қазақстан бекерден-бекер кирилл әліпбиінен, латын әліпбиіне көшейін деп жатқан жоқ. Бұл - Ресейден алшақтау. Ресеймен шакаралас аудандарда Қазақстан АҚШ әскерімен бірге біріккен оқу-жаттығу жұмыстарын өткізуде. Соңғы жылдары біз Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақты құлату үшін түрлі қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз» - деп мәлімдеме жасады. Атамбаевтың Қазақстан тарапына қарата айтқан бұл пікірі бұрынғы пікірлерден өзгерек екендігін есті адам бірден байқайтыны анық. Ол бұған дейін Қазақстандағы жемқорлық пен ұрлық жайында айтып келсе, енді Ресей мен Қазақстан арасына от жағуға кіріскен.
Кешелі бері Қазақстан мен Қырғызстан бұқаралық ақпарат құралдары ресми Бішкектің Талас су қоймасындағы суды Қазақстанға қарата ағызып жібергені жайында жарыса жазуда. Қырғызстан ауыл, су және тамақ өнеркісібі министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 1975 жылы салынған Талас су қоймасына жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қоймадағы су 18 қазан күні толығымен жіберілген. Бұның қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы жағдайларға ешқандай қатысы жоқ, тек сәйкестік қана. Бірақ бір қызығы қазан айының 10-ы күні Қазақстан тарапы да шекараны күшейтілген режимге көшіргенде ол жағдайдың Атамбаев мәлімдемелеріне ешқандай қатысы жоқ деген болатын. Осы жағдайлардан кейін көптеген қарапайым қырғызстандықтар әлеуметтк желілерде «қазақтар біз сендерге қарата Талас су қоймасындағы суды толығымен жібердік, енді не істейді екенсіңдер көрейік. Ал шекараның жабылуы бізге ғана емес, сендерге де қиындық туғызады. Енді Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттайтын болады» - деген мағынада түрлі посттар жаза бастаған. Бірақ қырғызстандық ғаламтор қолданушыларынан қазақ интернет пайдаланушылары да қалыс қалып жатқан жоқ. Олар да өз кезегінде Атамбаевтан бастап, кезінде қырғыздар басын алған Кенесары ханға дейінгі аралықты толықтай жазып, сызуда. Көптеген сарапшылар мен саясаткерлер «Атамбаев пен Назарбаев текетіресі қос елдің халқына әсер етіп жатқан жоқ. Бұл тек қазақ-қырғыз билігінің мәселесі» деп газет, журнал, сайт беттерінде айтып жатыр. Бірақ олар әлеуметтік желілерде болып жатқан Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының мылтықсыз майданын байқамаған тәрізді. Немесе көріп тұрса да Орталық Азия елдерінің билігіне тән қоғам дертін жасыру тактикасын ұстанған. Бір сөзбен айтқанда Атамбаев пен Назарбаевтың бұл жолғы жанжалы екі ұлтты бір-біріне қарсы қоймаса да, қос елдің қоғамын екі топқа бөліп тастады.
Енді қазақ-қырғыз қарым-қатынасынан Қырғызстанның су жаңа президенті Сооронбек Жээнбековке қарай ауыссақ. Жээнбековтың президент сайлауында жеңіп шығуы тікелей Алмазбек Атамбаевқа байланысты болғандығын саяси сауаты бар адам айтпаса да түсінеді. Әйтпесе осы уақытқа дейін алдын ала болжамдар бойынша халықтың 65 пайызы қолдап келген Өмірбек Бабановтың 33,47 пайыз дауыс жинағанына кім сенеді? Бірақ бұл бөлек әңгіме. Біз бүгін ол жайында емес Сооронбай Жээнбеков жайында әңгіме қозғайтын боламыз.
Қазанның 16-сы күні сайлауда Жээнбеков жеңіске жетті деген хабар тараған бетте Сооронбай Жээнбековты бірінші болып Ресей президенті Владимир Путин құттықтады. Одан кейін барып Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев құттықтау телеграммаларын жіберді. Бірақ үш президент те құттықтау хаттарында Алмазбек Атамбаев жайында бір ауыз сөз айтпады. Шетелдік сарапшылардың сөзінше, Қазақстан, Өзбекстан және Ресей басшыларының құттықтау хаттарында Алмазбек Атамбаевты елеусіз қалдыруы Сооронбай Жээнбековке белгілі бір дәрежеде ескерту болуы мүмкін. Олар осы арқылы Жээнбековке «Атамбаев саясатын жалғастыру көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнату қиындық тудыратынын» меңзеген. Өйткені Атамбаевтың екі күннің бірінде Назарбаев тарапына сыни пікірлерін қарша боратуы ТМД елдері президенттерінің ешқайсысына ұнамағаны белгілі. Ал Жээнбековтың Атамбаев ізбасары екенін ескерсек, онда оған алдағы уақытта көрші мемлекеттердің басшыларымен, әсіресе Қазақстан билігімен келісімге келмесе байланыс орнату қиын болатыны сөзсіз. Бірақ Сооронбай Жээнбеков қазірдің өзінде Нұрсұлтан Назарбаев жайында жақсы пікірде екендігін айтып үлгерді. Ол президент сайлауынан кейін журналистермен кездесуде: «Мен Нұрсұлтан Назарбаевты көрші елдің басшысы ретінде сыйлаймын. Ал қазақ-қырғыз шекарасындағы дау ол уақытша мәселе» - деп мәлімдеді. Ол президенттік қызметке ресми кіріскенен кейін, қазақ билігі жайында түрлі мәлімдеме жасаған мен емес Алмазбек Атамбаев,ол екеуміз екі бөлек адамбыз деп айтуы әбден мүмкін. Өйткені бұл саясат, ал саясатта кез келген құрал тиімді. Атамбаев қазақ билігін жамандау арқылы Өмірбек Бабановты халыққа «құбыжық» қылып көрсетіп, Жээнбековқа жеңісті жұлып алып берсе, Жээнбеков енді «Атамбаевты білем, бірақ бауырлас елдің достығы маған қымбатырақ» деп қазақ билігімен қарым-қатынасын қайта жақсартып алуы мүмкін. Не де болса алдағы бір айда Алмазбек Атамбаев осы уақытқа дейін жоқ жерден тауып алған жауларымен өзі татуласпаса, онда Қырғызстанның су жаңа президентін алда «Атамбаев бүлдіріп кеткен дүниелерді қалпына келтіру» атты ұзақ та, қиын жол күтіп тұр.