Алдағы аптада Қытайда ҚКП-ның (Қытай Комунистік Партиясының) XIX кезекті құрылтайы өтеді. Құрылтайдың сол ел үшін маңыздылығы туралы айтпаса да түсінікті. Бұл құрылтай Қытай үкіметінің алдағы уақыттағы саясаттарына нақты бағыттар береді. Барлық ішкі-сыртқы саясатының құбыласын түзгелі тұр. Ал бізді ойландыратыны Қытайдың Қазақстанмен бірден бір шекаралық провинциясы Шынжаң Ұйғыр Автономиясындағы жағдай.
Осыған дейін Шынжаңда және ондағы аз санды ұлттарға жүргізіліп отырған саясат туралы хабардармыз. Ондағы наным-сенім мен ұлттардың тең құқығы ғана емес, кісі құқығының ауыр дәрежеде бүлініп отырғанын білеміз. Мәселені біржақты жергілікті үкіметтен болуы мүмкін деген үмітке көбірек жақын болжамдар айтылған. Айталық, Шынжаңның партком хатшысы болып келген Чын Чуангоның біржақты жаныштау саясаты өңірдегі халықтардың құқығын таптады деп қаралды. Дегенмен, Шынжаң жағдайының бұл күйге жетуі тікелей Бейжің билігінің сатылай жүргізіп отырған саясатының көрінісі екені шын. Олай болса алдағы құрылтайдан кейін Қазақстанмен шекаралас жатқан Шынжаңдағы Қытай саясаты қалай өзгеруі мүмкін?
Бұл сұраққа жауап іздеген «Азия Азаттық Радиосы» (RFA) Нью-Йорк Университетінің профессоры, саясаттанушы Ша Мыңның пікірін сұраған. Профессор Ша Мың қазіргі кездегі Шынжаң жағдайына тоқтала келіп, ұйғырларға бағытталған жаныштау саясаты жүргізіліп отырғанын ашық айтқан. Ол XIX құрылтайдан кейін Шынжаң жағдайында оңды өзгерістердің болуы екіталай деген пікірде.
Ша Мың сөзінде: «XIX құрылтайдан кейін Қытай билігінің ұйғыр саясатында оңды өзгеріс болмайды. Оның себебі Қытай билігі ұйғырларды «қатерлі» деп қарайды. Меніңше ұйғырларға қаратылған жаныштау саясаты, жалпылық жаныштауға өзгертіледі. Осыған дейін ұйғырларға бағытталып келген дін жоралғыларына шектеу қою; ұйғыр мәдениеті мен ұйғыр тіліне шектеу қою қатарлылар ендігі жерде барлық ұлттарға қолданылуы мүмкін», – деген пікірін білдірген.
Ол және қазіргі Шынжаң парткомының бірінші хатшысы Чын Чуангоның саясаты туралы айтқан пікірінде: «Чын Чуанго жүргізіп жатқан қатты құлдық саясаты шын мәнісінде Қытай орталық үкіметінің тапсырмасы. Егер Қытай орталық үкіметі қолдамағанда ол мұндай қатаң саясатты жүргізе алмайтын еді. Сондықтан да ол Тибет пен Шынжаңда мейлінше қатаң саясат жүргізе алды», – деді.
Қытай орталық қаласында алдағы аптада болатын дүбірлі жиын, елдің жер-жерінен келген өкілдердің қатысуымен Қытай орталық үкіметінің саясатына ауқымды өзгерістер туралы шешім қабылдайды деп күтілуде. Бұл Қытайдың ішкі саясаты ғана емес, көрші елдермен тіпті алыс құрлықтармен болған жаңа қатынасын қалыптастыруы ғажап емес.
Дегенмен, Шынжаңдағы саясаттың оңалмауға бет алуы, ондағы тұрғындардың кісі құқығы тұрғысынан және ұлттардың теңдігі тұрғысынан келеңсіздіктердің болуы көршілес бізді ғана емес, тұтас әлемге үлкен алаңдаушылық туғызады. Әсіресе Шынжаңда жасап жатқан екі миллионға жуық қазақ қандастарымыздың тағдыры көбірек алаңдатады. Шынжаңдағы халықтың жаппай жаныштауға ұшырауы, бір ғана онда жасап жатқан қазақтардың ғана емес, бір ұлт ретінде жалпы қазақ тағдырына да көлеңкесін түсірмек.