Осыдан бұрын Иранға қарсы санкциялар енгізіп, 2000-жылдардан бастап, бұл елді "терроризмді қолдап отыр" деп айыптап келген АҚШ-тың Президенті Дональд Трамп осы аптада 2015 жылы қабылданған ядролық келісімнен Иранды шығарып, оған қарсы жаңа санкциялар енгізуді ұсынды. Өзінің тың бастамаларымен ерекшеленіп жүретін мемлекет басшысының ойын Американың өз ішінде қолдамағандар табылды, ал әлем осы мәселе бойынша екіге жарылды. Сонымен, бүгін біз Дональд Трампты қолдағандар мен айыптағандар туралы сөз қозғаймыз.
Иран өзінің алғашқы ядролық қару бағдарламасын АҚШ-тың әріптестігіне арқа сүйеп бастаған. Уранды ойдағыдай игеріп, атом қаруын құрастырудағы әлеуеті артып келе жатқан Иранның ядролық арсеналы мықты мемлекетке айналып кетуін қаламаған АҚШ қос ел қарым-қатынасының тарихында бірнеше рет санкциялар пакетін жариялаған. Кейіннен Американың қатарына бірнеше Батыс мемлекеттері, Еуроодақ қосылып, көп тараптан енгізілген шектеулер нәтижесінде экспортқа негізгі байлығы мұнайын сата алмай қалған Иран 2015 жылы АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай мемлекеттерінің қатысуымен ядролық келісімге қол қойды. Келісім бойынша, Иран ядролық қаруын келісілген мөлшерден тыс игере алмайтын болды және талаптардың орындалу дәрежесін арнайы сарапшы мамандар тексеріп, қадағалап отыратын болды.
Өз ұсынысын АҚШ Конгресінің қарауына жолдап, олардың оң шешімін ала алмаған күннің өзінде, ойынан бас тартпайтынын білдірген Дональд Трамптың күтпеген бастамасын оның Еуроодақтағы серіктестері қуана қолдаған жоқ. Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй, Франция Президенті Эмануель Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель бірлескен мәлімдемесінде: "АҚШ әкімшілігі мен Конгресін Иранға қарсы қайталай санкциялар енгізу туралы қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, Америка мен оның серіктестерінің қауіпсіздігін ойлануға шақырамыз", - деді.
Еуроодақтың сыртқы істер бойынша өкілі Федерика Могерини: "Бұл біржақты келісім емес, сондықтан соңғы шешім бір ғана мемлекетке тиесілі деп айта алмаймыз. АҚШ Президентінің билігі көп нәрсеге жүретін шығар, бірақ бұл келісімге емес", - деді.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гуттериш мәселенің бейбіт шешілуіне үміт артатынын айтса, Ресейдің Сыртқы Істер министрі Сергей Лавров Дональд Трамптың ұсынысын сынға алып, дипломатиялық әдістерде қорқыту мен агрессия болмауы керектігін ескертті.
Израильдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Дональд Трамптың шешімін қолдап, "Бұл әрекет кемшілігі көп келісімді қайта қарауға мүмкіндік беріп, Иранның терроризмді қолдауына шек қоюға көмектеседі",- деген пікір білдірді. Изриальмен ойы бір тұстан шыққан тараптардың қатарында Сауд Арабиясы да бар.