Бұл аптада әлемде күрделі қайшылықтар мен қақтығыстар болмағанымен, Орта Шығыс жөнінен ауқымды жаңалықтар болды. Орта, Таяу-Шығыс пен Солтүстік Шығыс Азия қазіргі уақытта әлемнің ең күрделі қайшылыққа толы аймағы болып отыр. Дегенмен, осы апта Корей түбегі қайшылығын бір қалыпты тыныштық жайлаған апта болды. Ал, Сауд Арабиясы, Иран, АҚШ, Ресей қатарлы елдердің арасындағы біршама өзгерістер Орта-Шығыс мәселесінің салмағын арттырды.
Осы аптаның ең басты жаңалығы деп Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абду Азиз әл-Саудтың Ресейге сапарын айтуға болады. Себебі бұл қалыптасқан Орта-Шығыс пен АҚШ арасындағы байланыстың қалыбын өзгертті. Ал, бұл керісінше, Ресейдің аймақтағы ықпалын арттырды. Екі күн бұрын Мәскеуге ат басын тіреген Сауд Арабиясының патшасы Ресей президенті Путиннің жылы қарсы алуына бөленді. Тіпті бұл кездесуге екі жақта ұзақ уақыттан бері дайындалып келген болатын.
Бұл Сауд Арабиясының тарихында орыс еліне алғаш рет сапарлаған тақ иесі. Салман мен Путин бір ауыздан кездесудің тарихи маңызын атасып өтті. Сонымен бұл кездесу көп жылғы АҚШ пен Сауд Арабиясының арасындағы тығыз байланысқа белгілі дәрежеде көлеңкесін түсірді. Себебі, АҚШ-пен жасасқан мұнай және қару-жарақ сауда келісімін Ресеймен де жасасқан Салман өзінің ұпайын толықтай түгендегісі келген еді. Айталық, екі үлкен әскери державамен де қару-жарақ саудасын жасап және Иранмен болған бәсекеде ырықтылыққа жеткісі келген. Дегенмен бұл жерде зор пайданы орыстар көрді. Иранға да қару-жарақ сататын Ресей енді араб жұртына да С-400 қорғаныс жүйелерін сататын болып келісті. Оның үстіне Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының жетекшісі саналатын Сауд жұртымен мұнай және мұнай-химия саласында табысты келісімдер жасасты.
Иран мен АҚШ ара қатынасы аптаның басында баяғы салқын күйін сақтап тұрды. Айтар болсақ, Уашингтон тарабы Иранның 2015 жылғы келіссөз кезіндегі шарттарды толық орындағанын мойындамаған күйінде қалса, Теһран (Тегеран) жағы АҚШ-пен қоса Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының Иранға жаулық саясатын ұстап отырғанын айтып айыптады. Екі ел қайшылығы барған сайын асқынып, өңірдегі болашақ үлкен дүмпудің лебін байқатқан. Алайда, апта соңындағы әлемдік жаңалықтарда АҚШ Конгресінің Иранға қаратқан шешімінде оңды өзгерістер көрінді. Яғни, АҚШ Конгресі парсы жұртына қаратқан санкцияларды қалпына келтіруді қолдамауы мүмкін екен.
Сүрия мен Ирак жағдайы да бірқатар өзгерістермен толықты. Осыдан тура бір жыл бұрын басталған Ирактағы «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қарсы соғыс соңғы мәресіне жетіп қалды. Елдегі аталған ұйымның соңғы базасы қайтарылып алынды. Дегенмен, бұл «ИМ»-ның Сүрияда күш алуына себеп болып келеді.
Ал, Ресей қорғаныс күштері Сүрия жерінде ДАИШ содырларын тас-талқан жеңіп жатқандарын мәлімдейді. Ресей Қорғаныс министрлігі берген мәліметке сенсек, әуе шабуылдары арқылы 19-29 қыркүйек аралығындағы Ресей ӘӘК-нің шабуылдарынан 2359 террорист өлтірілген, 2700-ден астам лаңкес жараланған. Бұлардың арасында Ресей мен ТМД елдерінен келген 16 командир мен 400-ден аса экстремистер бар делінген. Халықаралық жаңа өзгерістер алдағы аптада қызғалы тұр. Себебі, АҚШ Конгресі Иранға жасалатын шешімді жария етеді және Солтүстік Корея мен АҚШ қайшылығында да өзгерістер тууы мүмкін.