Сауд Арабиясының патшасы Салман ибн Абдул Азиз әл-Сауд қатарына 300 адамын ертіп, Мәскеуге сапармен барды. Ресей президенті қарсы алу кезінде «Бұл кездесу аса маңызды кездесу» деген еді. Тіпті, Сауд патшасының бұл сапарға үш жыл бұрын дайындала бастағаны да мәлім болып отыр. Олай болса Сауд әулетінің тағына отырғандар арасында орыс жұртына тұңғыш рет ат асын бұрын Салман әл-Сауд пен оны қарсы алып отырған Путиннің кездесуі қаншалықты маңызды?
Кездесуде тараптар Сүрия, Ирак, Ливия, Йемен және парсы шығанағындағы мәселелермен қоса, Израиль-Палестин қақтығысын жөнге салу мәселесін де сөз еткен. Халықаралық сарапшылардың көбі бұл кездесуге алдын ала берген бағаларында, Ресей жақ Сауд Арабиясынан кең көлемдегі инвестиция күтеді, оның ішінде қару-жарақ саудасы да қамтылады, ал Сауд Арабиясы болса Мәскеуден Иранмен болған қатынасын алшақтатуын үміт етіп отыр деген еді.
Кездесу туралы тарап жатқан ақпараттарға қарағанда тараптардың Сүрия мәселесі бойынша қандай да бір нақты келісімге қол жеткізе қоймағаны мәлім. Тек, Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров жасаған мәліметінде Ресей мен Сауд Арабиясы екі ел де Сүриядағы бір-бірінің қадамдарына оң бағасын бергенін айтты. Дегенмен, екі елдің Сүриядағы майданы екі басқа, бірі Башар Асадты қолдаса, енді бірі оппозициялық күштерді біріктіруге күш салып келеді. Сауд Арабиясының Сүриядағы жолын көбінде Иран тосып келеді. Ал, Иран мен Ресей бұл майданда одақтас.
Иран мен Сауд Арабиясы өңірдегі ең ірі саяси қарсыластар. Сүрия қайшылығында ғана емес, бұл екі мемлекет арасындағы теке-тірес Ирак, Йемен, Катар дағдарыстарында да жүргізіліп келеді. Ал, Иранның көп жағдайда қолдаушы тірегі Ресей болып келе жатқаны жұрттың бәріне аян. Тіпті Сауд жұрты үшін Иранға Ресейдің қару-жарақ жағынан зор қолдау көрсетіп отырғанының өзі үлкен қиыншылық болмақ. Шын мәнісінде Эр-Рияд жағы Теһран (Тегеран) билігін Сүрия даласынан ығыстырып тастағысы келеді.
Міне, осы мәселелердің ретін тауып, өңірдегі Иран сынды саяси әріптесін ығыстырып тастау үшін Сауд Арабиясы королі Мәскеу сапарында барлық дипломатиялық тәжірибелерін салары анық. Анығында Мәскеу мен Эр-Рияд билігі Кеңес дәуірі кезінен мұнай және қару-жарақ саудасында серіктес болуға үміткер еді. Дегенмен түрлі себептермен белгілі деңгейде шектеліп келген. BBC және «Спутник» ақпарат агенттіктерінің хабарына қарағанда, бұл кездесуде құны 3 млрд АҚШ доллары тұратын қару саудасының келісіміне қол жеткізілген. Оның ішінде С-400 зымыранға қарсы ресейлік жүйені Сауд Арабиясына сату ісі де қаралған.
Алайда, С-400 жүйесін сату ісінің қаралуы тек болжам күйінде қалып отыр. Ресей осыған дейін С-300 жүйесін Иранға сатып берген болатын. Бұл мәселеде Путин үкіметі өңірдегі әріптес екі елдің талабын тең орындап, «екі алып биге шыққан» болуы да мүмкін дейді сарапшылар. Осыған дейін қару саудасында Ресей мен Сауд жұрты арасында бір рет те келісім болған емес. Сауд Арабиясы өз армиясын АҚШ қаруларымен қамдап келген. Айталық, Трамп Эр-Рияд сапарынан қайтқаннан кейін, Құрама Штат пен Сауд Арабиясы арасында 110 млрд долларға жуық құнға ие қару саудасы болатыны мәлім болған.
«РИА Новости» ақпараттық агенттігі «Сауд Арабиясы Ресейден С-400 зымыран қорғаныс жүйесін сатып алатын болды» деген хабар таратты. Бірақ кездесудің ресми мәлімдемесінде бұл ақпарат расталмаған еді. Ал ресми мәліметте Сауд Арабиясының Әскери өндірістік компаниясы ресейлік «Калашников АК-103» автоматын оқ-дәрісімен бірге өндіру құқығын алғаны туралы анық мәлімет бар.
Екі ел арасында келісімнің ең үлкені – мұнай және мұнайхимия келісімі. Сауд Арабиясы әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы елдер ұйымының жетекшісі болып келеді. Екі ел арасында мұнай өндіру мен сату туралы келісімнің болуы, өзге емес Ресей мен Сауд Арабиясы үшін аса маңызды. Салманның Мәскеу сапары алдағы уақытта Орта Шығыс жағдайында тың өзгерістердің басы деуге де болады. Тіпті Ресейдің бұл аймақтағы ықпалы бұрынғыдан да артып кетуі де ғажап емес. Құрама Штатты бір жағына қайырып қойып, Сауд королінің Мәскеуге келуі осының алғашқы хабарландыруы болса керек.