2017 жылдың 5 қазанында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының кезекті 83-ші маусымы ашылды. Биыл театрдың ашылуы жаңа форматта басталды. Себебі театр ұжымы бұл жолы тек қуыршақтарды ғана сөйлетіп қана қоймай, қоғамдағы азғындық пен көрсеқызарлықты сахналап, көререрменге жаңа ой салуды көздейді.
Осындай мақсатпен театрдың ашылу салтанаты Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Рүстем Жанаманов сахналаған көрініспен басталды.
Сахналанған көріністе жарты әлемді билеп, оған көзі тоймаған, "мен-менмін" деп кеудесін соққан Ескендір Зұлқарнайынның қазіргі бейнесі бейнеленеді. Төрт дүниесі түгел болған Зұлқарнайын байлыққа масаттанып, жан-жағында не болып жатқанын ұмытады.
Әдебиет, мәдениет, өнерді бағалаудан қалған ол тек сиқырлы тар бөшкенің ішіне енгенде ғана өзінің өткенін, есіне алып, өмірінің құр мақтанмен өткенін түсінеді. Осы көрініс арқылы режиссер қазіргі қоғамдағы жастардың әдебиет пен мәдениеттен алыстап бара жатқанын көрсеткісі келгендей.
Театр маусымының ашылуында сахналанған екінші көрініс "Ана жүрегі" деп аталады. Бұл көріністі сахнаға дайындаған режиссер Антон Зайцев. Көрермен назарына ұсынылған бұл спектакль театр тарихына қосылған жаңа туынды.
Сахналанған пьесаның мазмұны ауыр, дегенмен беретін тәрбиесі мол. Себебі спектакль кез келген жастағы көрерменге ой салып, жүрегіне иман ұялатады.
Анадан туған жалғыз ұл жоқшылыққа көнбей, қоғамда азған жастардың арбауымен анасына қарсы шығады. Алтынға, байлыққа елірген ұл анасының жан дүниесін түсінуге де тырыспайды. Жалғыз ұлдың адасқаны соншалық анасының туған күнінде оны тастап кетеді.
Ана болса тағдыр айласына алданған баланың туған күніне қолындағы жанып тұрған жалғыз балауыз шырақты сыйға тартқысы келеді. Алайда жалғызының азабын көтере алмаған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді.