Соңғы 12 айда Қазақстанда көлік жүргізушілердің шығындары 4,1 есеге өскен. Бұл туралы "Яндекс.Деньги" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Компания жүргізушілердің автокөлік бөлшектеріне, техникалық байқау орталықтарына, жанармай бекеттеріне көлік жуу орындарына жұмсаған шығындарын есепке алған.
Егер категория бойынша қарайтын болсақ, автокөлік жөндеу мен бөлшектерді сатып алу шығыны 2-1,8 есеге ұлғайып, ең жоғарғы көрсеткішке ие болған.
"Көлікті жөндеуге төленетін қаражат көлемі бір адам үшін 19 365 теңгеден 27 748 теңгеге дейін ұлғайған. Бензинге кететін шығын 2952 теңгеден 3720 теңгеге дейін көтерілсе, автокөлік жууға 2480 теңгеден 2775 теңгеге дейін қаражат жұмсалады", - делінген сарапшылар есебінде.
Ал техникалық байқауға келгенде жүргізушілер қаражатын үнемдейтін көрінеді. Себебі техбайқаудың орташа чегі 8974 теңгеден 4605 теңгеге дейін азайған. Автокөлік иелері көлік бөлшектері мен аксессуарларға басқаларына қарағанда көп қаражат жұмсайды. Десек те бұл категория үшін орташа төлем 39 497 теңгеден 25 741 теңгеге дейін азайған.
Сараптама жасау үшін 2016 жылдың 15 қыркүйегі мен 2017 жылдың 15 қыркүйегінде жасалған төлемдер есепке алынған.