АҚШ Үкіметі Кубадағы дипломаттарын "құпия кеселге" ұшырауына байланысты елге қайтарып жатыр. Өткен жылы Америка консулдығының 21 қызметкерінен жеңіл ми жарақаты, бас айналу, жүрегі айну және есту қабілетінен айырылу сияқты белгілер байқалған. Дәл осындай сырқатқа екі канадалық дипломат та шалдығып отыр. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон екі ел белгісіз жағдайда пайда болған сырқаттың сырын анықтауға бірлесе кірісуі керек деп мәлімдесе, Куба өзіне қатысты айтылған барлық күмәндарды жоққа шығарды. Осыдан бұрын дерттің себебі дипломаттар қоныстанған үйлердің сыртына орнатылған жасырын дыбыс толқындарынан болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. АҚШ өз кезегінде америкалықтарға Кубаға сапар шекпеуге кеңес берді.
Кубадағы "құпия кесел" хронологиясы:
- 2016 жылдың соңы: АҚШ елшілігінің қызметкерлері мен бір канадалық дипломат өзінен белгісіз ауру белгілерін байқаған;
- мамыр: АҚШ Кубадағы өз азаматтарын қорғауды қалт жібергені үшін екі кубалық дипломатты елден шығарып жіберді;
- тамыз: АҚШ 16 қызметкердің аурудан айыққанын хабарлады
- қыркүйектің басы: АҚШ құпия кеселдің жаңа жағдайлары тағы 19 дипломатта тіркелгенін жариялады;
- 29 қыркүйек: Уашингтон өз дипломаттарын елге қайтарып, америкалық азаматтарға Кубаға саяхаттамауды ескертті.
Кім кінәлі?
АҚШ болған жағдайға Кубаны кінәлап отырған жоқ. Дегенмен екі ел де кінәлі тарапты таба алмай отыр. Куба Президенті Рауль Кастро АҚШ дипломаттарына қарсы жасалған қастандыққа өз мемлекетінің қатысы жоқтығын мәлімдеді. Мәселенің мән-жайын анықтау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр және зерттеу нысанына үшінші елдер де енуі мүмкін.
АҚШ-Куба қатынастары қалай болып еді?
АҚШ Гаванадағы елшілігін араға жылдар салып 2015 жылы қайта ашты. 2016 жылы сол кездегі АҚШ Президенті Бара Обама 1928 жылы мемлекет басшысы болған Калвин Кулидждің сапарынан кейін араға 88 жыл салып, Кубаға табаны тиген алғашқы америкалық президент болды. Дональд Трамп Барак Обаманың Кубаға қатысты саясатын толық құптамаса да, Гаванадағы елшілікті жаппайтынын хабарлады.