2017 жылғы 27 қыркүйекте Инвестиция дауларын реттеу жөніндегі халықаралық орталық (ИДРХО) Қазақстанды «Қаратөбе Интернэшнл Ойл Компани» ЖШС-на 39,2 млн АҚШ долларын төлеуге міндеттеді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, компания талап еткен сома 1 млрд доллардан астам болған. Алайда төрелік соттың шешімімен бастапқы талап арыз 4 пайызға азайтылған.
"Бұл «Қаратөбе Интернэшнл Ойл Компани» ЖШС-ның Қазақстан Республикасынан ақшалай қаржыны өндіріп алуға жасаған екінші әрекеті. Бірінші әрекеті 2008 жылы болған, онда талап арыз сомасы 2 млрд долларды құраған. 2012 жылы төрелік сот шешімі ҚР пайдасына шығарылды. Ал 2013 жылы 5 маусымда аталған компания АҚШ азаматы Девинчи Салах Хураниды талап иесі ретінде қосып, ИДРХО-ға тағы да талап арыз берді. Бұл жолы талап арыздың жалпы сомасы 1 млрд доллардан асты. Қазақстан талап арыздың көп бөлігі негізсіз екенін дәлелдеді", - делінген баспасөз қызметі хабарламасында.
Енді министрлік алдағы уақытта төрелік шешімге шағымдану процесін бастамақ. Ал шешім күшінің жойылуына екі жылға жуық уақыт кетеді екен.