Қазақстан 2017-2018 жылдарға арналған астық экспортына қатысты болжамын 9 млн тоннаға дейін көтерді. Бұл туралы Үкімет отырысының кулуарында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді.

Ол бұрынғы болжам бойынша 8 млн тонна астық экспортталу керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан астығы Иран, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспортталуы мүмкін. Сондай-ақ,  Орталық Азия мен Каспий аймағы елдері импортер ретінде қала береді.

"Биылғы жылдың 25 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстан 20,368 млн тонна астық жинады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде көрсеткіш 19,044 млн тонна болған. Біз бұдан бұрын жалпы жиналатын астық көлемі  тазартылмаған күннің өзінде 19,5 млн тонна болады деп болжағанбыз. Өткен жылы 21,5 млн тонна болған", - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, Исаева ауыл шаруашылығында ғалымдар ойлап тапқан инновациялық технологияларды  енгізу қажет екенін атап өтті. Алайда ғылыми институттардың қажетті өндірістік инфрақұрылымдары болмағандықтан, оған бизнес те қосылу керек.

Жалпы, 2018-2020 жылдары аграрлық ғылымды қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 12,6 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру ғылымды дамытудың 21 басым бағыты бойынша жүзеге асырылады.

Айта кетейік, бұған дейін 2017 жылдың қаңтар-шілде айында Қазақстаннан 353,2 млн долларға 2,2 млн тонна бидай экспортталғаны  және бұл көрсеткіш 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тонна бойынша 13,1%-ға, ақшалай түрде 12,9%-ға төмендегені туралы хабарланған.

“The Qazaq Times”