Ирак Күрдістанының жоғары тәуелсіз комиссиясы референдум қорытындысын жариялады - деп хабарлайды РИА Новости ақпарат агенттігі.
Ирак Күрдістаны жоғары тәуелсіз комиссиясының таратқан мәліметі бойынша, қыркүйектің 25-і күні өткен референдумда ел халқының 92,7 пайызы яғни 2,86 миллион адам тәуелсіздік алуды қолдап дауыс берген. Ирактан бөлініп шығуға 224 мың адам қарсы болған. Бұл референдумға қатысқан халықтың 7,2 пайызын құраған.
Референдум қорытындысынан кейін, Ирак Күрдістанының басшысы Масуд Барзани: «Референдум нәтижесін шығару тәуелсіздікті жариялау емес. Бірақ референдум бізге ресми Бағдадпен келіссөз жүргізуге алтын көпір болуы тиіс» - деген. Ал Ирак парламенті Күрдістанда референдум өткізген аймақ басшыларын заң бойынша жазалайтындарын мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, қыркүйектің 25-і күні Ирак Күрдістаны тәуелсіздігін жариялауға байланысты референдум өткізген болатын. Күрдістанның Ирактан бөлініп шығуына Түркия, Иран, АҚШ, Ұлыбритания сынды мемлекеттер өз қарсылықтарын білдірген.