Әлемдегі бақытты елдердің рейтингінде (World happiness report 2017) Қазақстан 155 елдің ішінде 60 орынға ие болды. Бұл туралы Sputnik ақпарат агенттігі хабарлап отыр.
Рейтинг әр елдің жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өніміне, мемлекет тарапынан болатын әлеуметтік көмекке, денсаулық сақтау деңгейіне, сайлау еркіндігіне және қайырылымдық ісіне, сондай-ақ, жемқорлық деңгейіне байланысты құрылған.
Рейтингті анықтауға қатысты зерттеу жұмыстары 2014-2016 жылдар аралығында жүргізілген.
Қазақстанның алдында 59 орында Түркіменстан елі тұр. Бұдан бөлек, көрші-серіктес елдер арасында Өзбекстан 47 орынға, Ресей 49 орынға ие болып, Қазақстанның алдына шықты. Ал Қазақстаннан кейін тұрған елдер: Беларусь (67), Әзербайжан (85), Қырғызстан (98), Армения (121), Украина (132).
Ал ең бақытты елдер рейтингінің көшін скандинавиялық Норвегия, Дания, Исландия елі бастап тұр. Одан соң Швейцария, Финляндия және Нидерланды (6) тізімді жалғайды.
Ең бақытсыз елдер ретінде Танзания (153), Бурунди (154) және Орталық Африка Республикасы (155) танылды.