«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ «Каустик» АҚ-дағы 40% акциялар пакетін сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Конкурс құжаттары мен екі кезеңдік ашық конкурстың хабарламасы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның веб-порталында орналастырылған. 40% акциялар пакеті үшін сұралатын бастапқы баға 7 млрд 440 млн теңгені құрайды.
Конкурс «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген активтерін сату және қайта құрылымдаудың бірыңғай Ережелері мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ активтерін сату жөніндегі Комиссия бекіткен конкурстық құжаттамаларға сәйкес жүргізіледі.
Ашық екі кезеңдік конкурсқа өтінімдер қабылдау 2017 жылғы 25 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 15.00-де аяқталады.
«Каустик» АҚ – қолданыстағы барлық қазақстандық және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін заманауи химия өндірісі. Кәсіпорын каустикалық сода (30 мың т/ж), сұйық хлор (26 мың т/ж), тұз қышқылын (45 мың т/ж), сондай-ақ натрийдың техникалық гипохлоритын (6,6 мың т/ж) шығарады.
Қазатомөнеркәсіптің мәліметінше, еншілес және тәуелді кәсіпорындарды сату Бизнесті трансформациялау бағдарламасы аясында бейінді емес активтерден арылу және компания қызметін тікелей атом саласына бағыттау мақсатында жүзеге асырылып жатған көрінеді.