Солтүстік Корея билігі Жапонияға қарсы ұшырылған зымыран Тынық мұхитындағы әскери қимылдардың алғашқы қадамы болатынын және ядролық шабуылдар ары қарай жалғасатынын жеткізді. КХДР-ның мемлекеттік басылымдары Тынық мұхитындағы Гуам аралын "басып-кіру операциясын бастауға арналған алдыңғы қатарлы нысан" деп атаған болатын. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі жазды.
Сейсенбі күні кешке Нью-Йоркте бас қосқан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяның әрекетін айыптап, Пиоңяңнан (Пхеньян) ядролық шабуылдарын доғаруды талап етті. БҰҰ-ның баяндамасында соңғы оқиғалар ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы үшін үлкен қауіп-қатер төндіріп отырғаны айтылғанымен, Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар не шектеу шараларын енгізу туралы сөз қозғалған жоқ.
Ресей мен Қытай Жапонияға қарсы ұшырылған зымыран оқиғасына АҚШ-тың Корей жартытүбегіндегі әскери белсенділігін тоқтатпағанын кінәлады. Жапонияға ресми сапармен барған Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй Солтүстік Кореяның ақылға қонымсыз әрекеттерінің өрши түсуіне Қытайдың ықпалы зор болғанын атап өтіп, Бейжіңді КХДР-ға қысымды күшейтуге шақырды.
Осы аптаның сейсенбісінде Солтүстік Кореядан ұшырылған баллистикалық зымыран Жапонияның Хоккайдо аралының үстінен төмен биіктікте ұшып өтіп, 2 мың 700 км-ден соң, шығыс жағалауға барып, құлаған.
Солтүстік Кореяның БАҚ өкілдері Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) Тынық мұхит бағытына ұзақ қашықтықты еңсеретін жаңа зымырандар ұшыруды жоспарлап отыр деп жарыса жазды. Осыдан бұрын КХДР АҚШ-тың Тынық мұхитындағы үлкен әскери базасы Гуам аралын бомбылауға ниет білдірген еді. Гуам аралында 160 мың америкалық азамат тұрады.