Тамыздың 25-і күні Брюссель орталығында пышақпен қаруланған белгісіз адам әскерлерге шабуыл жасады, деп хабарлайды жергілікті RTBF телеарнасы.

Walla News журналының мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша, сағат 20:20 шамасында болған. 30 жастағы Сомали елінің азаматы Брюссель қаласының орталығын күзетіп жүрген екі әскери қызметкерге «Аллах акбар» деп айқайлап, пышақ ала жүгірген. Осы кезде әскерлер оған қарата оқ жаудырған. Ауыр жарақат алған Сомали елінің азаматы кейіннен ауруханада көз жұмған. Ал әскерлер жеңіл жарақат алғандықтан медициналық көмектен бас тартқан.

Оқиғадан кейін Бельгия билігі Брюссель қаласын толық бақылауда ұстап тұрғандарын мәлімдеген.

Естеріңізге салайық, 2016 жылдың наурыз айында Брюссель қаласына террорлық шабуыл жасалып, салдарынан 32 адам көз жұмған болатын. Содан бері ел билігі шаһар қауіпсіздігін күшейткен. Осы жылдың маусым айында Бельгия әскерилері Брюссель орталық темір жол вокзалында лаңкестік шабуыл жасамақшы болды деген күдікпен 36 жастағы Марокка елінің азаматын атып өлтірген болатын.

“The Qazaq Times”