Бельгияда карантин режимі жеңілдетіледі. Бұл туралы ел премьер-министрі Софи Вильмес хабарлады.

Премькр-министр сөзінде: «Көшеде демонстрациялар ұйымдастыру үшін жергілікті биліктен рұқсат алу қажет. Мұндай шаралар бір жерде өтуі тиіс. Кез келген жерде шерулетіп жүруге болмайды. Эпидемия қайта өршуі мүмкін. Осыны еске салғым келеді. Өзге елдердегі ахуал осы сөзіме дәлел бола алады», – дейді.

1 шілдеден бастап корольдікте 200 адамға дейін жиналатын іс-шараларды жабық ғимараттарда, 400 адамға дейін қатысатын шараларды ашық алаңдарда өткізуге рұқсат беріледі. Сонымен қатар бассейндер, кинотеатрлар, концерттік залдар мен аттракциондар ашылады деп жоспарланған. Ал музыкалық фестивальдер мен би кештерін ұйымдастыруға тамыз айының соңына дейін тыйым салынып отыр. Түнгі клубтар да әзірге жұмыс істемейді.

Мәліметтер бойынша, коронавирус пандемиясы басталғалы Бельгияда 60 мың адам вирус жұқтырып, 10 мың адам көз жұмған.

"The Qazaq Times"