Ресейдің Новосибирск облысына қарасты Сладкое көлін Қазақстан иелігіне берді, деп хабарлайды НГС Новости порталы.
Порталдың мәліметінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны демаркациялау жұмыстарының нәтижесінде Новосибирск облысы, Купинск ауданына қарасты Сладкое көлі толықтай Қазақстан аумағына өткен. Осыған байланысты қазіргі уақытта облыс тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі Сладкое көліне аудан мен облыс тұрғындарын қоспағанда Ресейдің өзге өңірлерінен көптеген адамдар балық аулап, демалуға келетін болған.
Бірақ Купинск ауданының басшысы Владимир Шубниковтың айтуынша, Сладкое көлінің жартысы бұған дейін онсызда Қазақстанға тиесілі болған және көлдің ауданға тигізетін экономикалық пайдасы болмаған. Себебі көлдің жартысы суы таяз батпақты жерде орналасқан.
Естеріңізге салайық, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны демаркациялау сәуір айының 10-ы күні аяқталған болатын.