Уашингтон мен Пиоңяң (Пхеньян) бірнеше ай бойы «құпия Нью-Йорк» дипломатиялық келісімін жүргізуде - деп хабарлайды Неміс толқыны АР ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
АР агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Солтүстік Корея билігімен келіссөз жүргізетін құпия дипломатиялық арналары бар. Бірнеше ай бойы АҚШ мемлекеттік департаментінің КХДР бойынша арнайы өкілі Джозеф Юн мен Солтүстік Кореяның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жоғары лауазымды саясаткері Пак Сон Ил құпия келіссөз жүргізіп келген. Әзірге АҚШ-тың Солтүстік Корея билігіне шығатын бір ғана адамы бар. Ол Джозеф Юн.
Бірақ оның жүргізіп жатқан құпия дипломатиялық келіссөздері әзірге екі ел арасындағы ушығып тұрған саяси жағдайдың шешілуіне септігін тигізе алмай отыр.
Бұлай дейтін себебіміз тамыз айының 8-і күні Дональд Трамп: «егерде КХДР өзінің арандатуын тоқтатпаса, онда ол әлем тарихында болып көрмеген алып күшке тап болады» - деген болатын. Трамптың осы мәлімдемесінен кейін, бірнеше сағаттан соң Солтүстік Корея әскерилері АҚШ әскери базасы орналасқан Гуам аралын атқылайтындығы жайында ақпарат таратқан. Ал 11-ші тамыз күні Дональд Трамп Солтүстік Корея мәселесін әскери күш қолдану арқылы шешетіндігін айтып, ресми Пиоңяңға (Пхеньян) тағыда сес көрсеткен. Бірақ КХДР АҚШ президентінің бұл мәлімдемесіне әзірге ешқандай ресми жауап қатқан жоқ.