Ел экономикасы өте қиын жағдайда. Ал басқарушы партия мен министрлер кабинеті демалып жатыр - деп мәлімдеді Монғолия президенті Халмаагийн Баттулга MNB телеарнасына берген сұхбатында.
Халмаагийн Баттулга Монғолия президенті болып сайланғанына 30 күн толуына орай MNB арнасының «Цаг үе – үзэл бодол» бағдарламасына сұхбат берді. Бағдарлама барысынада Баттулга Монғолияның қазіргі жағдайы жайында: «Шындығын айтқанда елдің қазіргі жағдайы мәз емес. Монғолия экономикасы өте қиын жағдайда тұр. Осыған қарамастан басқарушы партия мен министрлер кабинеті демалып жатыр. Ел экономикасы тығырыққа тіреліп тұрғанда басқарушы партия фракциялары бір-бірімен «соғысып» жүр» - деді.
Бұдан бөлек ол: «Монғолия халқы әділдікті қалайды. Бірақ ол үшін басқарушы билікті жемқорлардан тазарту керек. Неге елдің барлығы билік басында болғысы келеді? Өйткені олар саясатқа келу арқылы байығысы келеді. Мен осы бассыздықты тоқтату үшін президент болдым» - деді.
Естеріңізге салайық, Халмаагийн Баттулга бұған дейін шетелдерде офшорлы шоттары бар азаматтарға барлық қаржыны Монғолияға қайтып алып келуге 49 күн уақыт беретіндігін айтқан болатын.