Назым Қызайбай – Қазақстан тарихында тұңғыш рет, әйелдер арасында өткен бокстан әлем чемпионатында еліміздің байрағын желбіретіп, әнұранын әуелеткен, халқына алтын медаль тарту еткен алғашқы нәзік жанды. Әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты 2001 жылдан бастап өткізіліп келе жатқанымен, елімізге алғашқы алтын 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен дүбірлі додада Назым Қызайбайдың кәсіпқойлығымен келді. Оған дейін ел намысын жанын сала қорғаған Назгүл Боранбаева 2006 жылы Нью-Делиде өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында қола медальді иеленсе, 2008 жылы дәл осы жарыста Елена Кольцова жерлесінің жеңісін қайталады. 2010 жылғы кезекті чемпионатта ел үмітін арқалаған Марина Вольнова алтын алуға бір қадам қалғанда сүрініп, күміс жүлдегер атанса, Назгүл Боранбаева Бриджтауннан қоланы қанжығасына байлап оралды.
Назымның әйелдер арасында өтетін айтулы додаға жолдама алуы 2012 жылы Қытайда өткен бокстан 7-ші әлем чемпионатынан басталды. Әлемнің назары аударылған шаршы алаңда қарсыластарын жанкүйерлерінің көз алдында жығып, Қазақстанның беделін тағы бір асқақтаған арулар: Назым Қызайбай – қола, Юлдуз Маматкулова күміс медаль жүлдегерлері болды.
Бірнеше жыл қатарынан жеңіске деген ұмтылысымыз бен мығым дайындығымызға қарамастан, уысымыздан шығып кете берген алтын медальді алар сәт 2014 жылы Оңтүстік Корея жерінде туды. Бүкіл ел болып, демін ішке алып, көгілдір экрандардан көзін алмай тамашалаған былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде, үлкендердің санатына жаңадан қосылған жас Назымға әлемнің тәжірибелі боксшылары да тең келмеді. «Мен осы жолы чемпион атануға ерекше дайындалдым. 2012 жылы қола жүлдегер атанған соң, «алтынға» үлкен үміт арттым. Жарысқа дайындық барысында бізбен жұмыс істеген психологтың бір жиында «Неге әлем чемпионы атанғыларың келеді?», - деп сұрағаны бар. Мен «Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы боламын. Елім көп күткен жеңісті алып келемін», - деп кесіп айттым. Неге екені, сол кезде көкейімде бір сенім сайрап тұрды», - дейді спорт жолындағы алғашқы үлкен жеңісін ерекше қуанышпен еске алған Назым Қызайбай. Қазақстанның асыға күткен алтын медалінің соңын ала, осы жарыста Ләззат Күнгейбаева күміс тұғырды бағындырып, елге қос қуаныш сыйлады.
2016 жылы Астанада өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында Назым Қызайбай екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ел спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстан жалпы есепте 4 алтын, 2 қоламен 1-орынға тұрақтады.
Қазақстан біріншілігінің жеті дүркін чемпионы Назымның спорт саласындағы өзіндік қолтаңбасы мен өзгеден ерек сүрлеу-соқпағы бірден қалыптасқан жоқ. Кішкентайынан қимыл-қозғалысы шапшаң, ойындардың кез келген түрін сүйетін Назым мектеп қабырғасында спорт түрін талғамай барлығын байқап көрген. Ең алғаш ден қойып, өмірінің жарты жылын арнаған спорты – таэквондо. Бірақ бапкерінің шет елге, Назымның үлкен қаладан Алматы облысындағы Жетіген ауылына қоныс аударуынан, жас қыздың бұл спорт түрімен қош айтысуына тура келді. «Боксқа барамын деген бала арман не кеудені кернеген қызығушылық болған жоқ», - дейді Назым өткенін ойға түсіріп отырып. «2008 жылы ауылымызда бокстан спорт секциясы ашылды. Болат Рахимов есімді жаттықтырушы мені көшеде кезіктіріп, «Сенің қимыл-қозғалысың, жүрісің мен түр-сипатын боксшы қыздарға ұқсайды. Бізге келіп, сабақ ал» деп шақырды. Мен келісіп, 4-5 ай алғашқы бапкерімнің қолында жаттықтым. Жазғы демалыс аяқталар тұста, ағам менің боксқа барып жүргенімді байқап, Алматыдағы спорт мектебінде білім алуға кеңес берді. Анаммен бірге сынақ тапсыруға келгенімізде, баскетбол сыныбын таңдаймын деп ойладым. Мектептің алдында ауыл арасындағы бокстан жарыста кездестірген қызды көріп, қай саланы таңдайтынымды біржола түсінгендей болдым. Баскетбол сияқты командалық ойынға қарағанда, жеке дара тұлғалық қасиетің мен жігерің сыналатын жерге барғым келді. Осылай менің спорт мектебіндегі өмірім басталды».
Спорт мектебінің тәлімгері өзінің айтулы жеңістер легін 2009 жылы Қазақстан біріншілігінде 44 келі салмақта 3 кездесуді басынан өткеріп, санасын шабуылдаған қорқынышын еңсеріп, Республика чемпионы атанудан бастады. Қазақстандағы өз қатарластарының арасында үздік екенін бірнеше рет дәлелдеген 18 жасар бойжеткен 2011 жылы Жастар арасында өткен бокстан әлем чемпионатында 3-орын алғаннан кейін, жоғары нәтиже көрсетуге деген құлшынысы оны жаңа жетістіктерге қамшылады. Күн сайын жасалатын жаттығуларды еселеп, тоқтаусыз, өзіне деген аяушылық сезімін ысырып қойып, ұқыпты дайындалу көп ұзамай-ақ нәтижесін берді. Назымның жаңа салмақ дәрежесіне, әйелдер арасында бақ сынайтын келесі категорияға өткен тұста, Қытайда қоланы кәсіпқой спортшылардың азуынан қағып алып кеткенін жоғарыда айттық.
Қазір Назым күзде Польшада өтетін байрақты бәсекеге дайындалып жатыр. Кез келген мақсат оңай орындалмайтынын білетін ол күніне таңертең және кешке, аптасына 6 күн тоқтаусыз жаттығу залында жүреді. Биылғы басты нысана – бокстан Азия чемпионатының биігін бағындыру. Ал одан әрі спортшының көздегені – 2020 жылғы Олимпиада ойындарында туған елінің мәртебесін тағы бір асқақтатып, жұдырығын жеңіс үшін сынау. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына бара алмағанына аздап қынжылыс білдірген ел мақтанышы, келесі әлем сайысының жолдамасынан қол үзіп қалғысы келмейді.
Спорт – мәңгілік емес. Әдетте, спорт жолына қолындағы барын арнаған кәсіпқойлар, жылдар өтіп, бұл саладан кететін уақыт таяғанда, қайда барып, немен айналысарын білмей, өзін жоғалтып алып жатады. «Мұндайдан аулақ болу үшін спортшы ең алдымен тұлға болып қалыптасуы керек» деген пікір де жоқ емес. Назымнан кәсіби спортшының белгісіз болашағы туралы ойға пікір қосуын сұрағанымызда, ол: «Ия, спорттағы біздің де уақытымыз бір күні аяқталады. Қазір маған да болашағыма алаңдап, «қосымша келесі бір мамандықты игеріп алсаңшы» деп кеңес беретін жанашырлар көп. Ал мен әр адам өзі қолға алған саласында үздік әрі кәсіби білікті маман болуы керек деп есептеймін. Мен қазір басқа мамандықты меңгеремін деп талпынғаныммен, ол салада бокстағы секілді тәжірибелі болмасым анық. Сондықтан спорттан кетсем де, жаттықтырушы болып, санаға тоқығанымды жас жетіншектермен бөлісіп, жолымды жалғастыра беремін», - дейді жас та болса, ересектерге тән жауапкершілікпен.
Өмірге құштар кейіпкердің бойынан қазақы қызға тән ұяңдық, аздап балалық аңғалдық пен спортқа деген шексіз сүйіспеншілікті байқадық. Қазақ тарихында мақтануға тұрарлық талай тау тұлғалар болды, бүгін де ол ізді үзбей жалғап жүрген дара болмыстылар көп. Болашақта да, өскелең ұрпақ арасынан Қазақстанның атын әлем елдерінің аузына салып, тамсандыра таңдай қақтыратын таланттылар шығады. Ал Назым Қызайбай – өз саласын ұршықтай иіріп, елінің игілігіне еңбек етіп жүрген, сол ел мақтаныштарының санатында қалатын спортшы.