Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Катар әмірі Тамим бен Хамад әл-Тани телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Aljazeera телеарнасы.
Aljazeera арнасының мәліметінше, телефонмен сөйлесу барысында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Түркия Катарды кез келген жағдайда қолдайды. Алдағы уақытта Катарға санкция салынатын болса, онда оған Түркия тиісті жауап береді. Катар дағдарысынан Біріккен Араб Әмірліктері мен Мысыр басшысы ғана пайда көріп отыр. Олар өздерін өңірдің көшбасшылары санап, отқа май құйып отыр. Ал Сауд Арабиясы королі Парсы шығанағының көшбасшысы бола тұра Мароккода демалып жатыр» - деген.
Естеріңізге салайық, БАӘ, Сауд Арабиясы, Мысыр, Бахрейн елдері Катармен дипломатиялық қарым-қатынасын үзген кезде Анкара Доханы қолдайтынын мәлімдеп, Катарға әскерін кіргізген болатын.