Шавкат Мирзиеев Ислам Кәрімовты сынағаны үшін Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясның басшысы Хуршид Мирзахидовты жұмысынан босатты, деп хабарлайды Sputnik Uzbekistan интернет басылымы.
Басылымның мәліметінше, Хуршид Мирзахидовтың жұмыстан қуылуының басты себебі «Өзбекстан-24» телеарнасындағы «Тахлилнома» бағдарламасының эфирінде Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың жүргізген саясатын сынайтын сюжеттің көрсетілуі болуы мүмкін.
Хуршид Мирзахидовтың орынынан алынып тасталатыны жайында тамыздың 2-сі күні белгілі болған. Бірақ оның жұмысынан босатылғаны жайындағы ресми мәлімдемені Шавкат Мирзиеев тамыздың 3-і күні жасаған. Сол күні Хуршид Мирзахидовтың есімі телеарна сайтынан алынып тасталған.
Хуршид Мирзахидов Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясының басшысы болып 2017 жылдың ақпан айында тағайындалған. Ал наурыз айында Шавкат Мирзиеев бұқаралық ақпарат құралдарын ел билігін, қоғамда болып жатқан өткір мәселелерді сынауға шақырған болатын.