2016 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингінің жеке капиталы 943,4 млрд теңгені, активтері - 4 103 млрд теңгені, несиелік және инвестициялық қоржындары - 2 908 млрд теңгені құрады. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.

Министрлер кабинетінің мәліметінше, холдингтің экономиканың шикізаттық емес секторларын ұзақ мерзімді несиелеуге қосқан үлесі 57% құрады. 606 млрд теңге сомаға 13,2 мың ШОБ жобаларына қолдау көрсетілген. ШОБ-ты несиелеудің жалпы көлеміндегі үлесі 30,5% құрады. Бизнесті қолдауға көрсетілген шаралар 19,4 мың жаңа жұмыс орнын құруға және 76,3 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Холдингтің еншілес ұйымдары 456,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді және 15,3 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз еткен. 2016 жылы берілген ипотекалық қарыздардың жалпы көлемінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ үлесі 67%-ды құрады.Сондай-ақ, Директорлар кеңесі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ 2014-2023 жылдарға арналған Даму стратегиясын орындау бойынша 2014-2016 жылдардың қорытындысы бойынша есепті бекітті. Есепке сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша 2013 жылмен салыстырғанда активтер 2,2 есеге, несиелік қоржын 3 есеге, пайда 1,5 есеге өскен.

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы қарызы 165 млрд доллар шамасында. Ал бұл қарыздың ең көп бөлігі ұлттық компаниялар мен холдингтерге тиесілі. Олардың қанша қарызы бар екені туралы ақпарат ашық емес. Сондықтан экономистер бұл жөнінде экономикадағы "ең үлкен қауіп" дегенді айтады.

“The Qazaq Times”