«Қазконтент» АҚ National Digital History порталының шетелде тұратын этникалық қазақтар туралы «Қиырдағы қазақтар» атты 8 сериялы деректі фильмінің түсірілімі басталды. Деректі фильм 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында дайын болады, деп хабарлайды Қазақстан- 2050 сайты.
«Халқымыздың тағдыры тарихтың қиын-қыстау кезеңдерін қамтиды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында болған қайғылы оқиғалар ата-бабаларымыздың алдына қиын таңдау қойды. Осы себептен бүгінгі күні Отанымыздан тыс жерлерде миллиондаған қазақтар тұрып жатыр. Алайда, арақашықтыққа қарамастан, олар бабаларынан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтай алды. Бүгін біз «Қиырдағы қазақтар» атты өте маңызды жобаның тұсауын кесіп отырмыз», - деді министр ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Оның сөзінше, министрлік және National Digital History порталы осы жобаны қоғамды, азаматтарымызды шетелдегі қазақтардың өмірімен, тұрмысымен және тағдырымен таныстыру мақсатында Ұлт жоспары аясында іске асырып отыр.
«Сериал 8 бөлімнен тұрады, түсірілімдер 8 елде өтпек. Фильмді мемлекеттік тілде түсіріп, кейін оны орыс және ағылшын тілдеріне аударуды жоспарлап отырмыз. Көрермендер осы фильмді Тәуелсіздік күні қарсаңында көре алады деген үміттеміз», - деп атап өтті Д. Абаев.
Ал «Қазконтент» АҚ төрағасы Евгений Кочетов түсірілімнің осы айда басталатыны туралы айтты.