Oyan, Qazaqstan қозғалысының тағы бір мүшесі – суретші әрі белсенді Жәнел Шаханды полиция бөліміне шақырды. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
Жәнел Шахан 25 желтоқсанда да шақырту алған, бірақ ол кезде денсаулық жағдайына байланысты бара алмаған. Сол күні оның Oyan, Qazaqstan қозғалысындағы серіктері Равкат Мұхтаров пен Бота Шәріпжанды 16 желтоқсандағы акцияға қатысқаны үшін 15 тәулікке қамаған.
Жаңа шақыртуда Жәнел Шахан 3 қаңтар күні Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция бөліміне келуі керек деп жазылған.
Oyan, Qazaqstan қозғалысы мүшелерінің айтуынша, билік Жәнел Шаханды да 16 желтоқсандағы акцияға қатысқаны үшін 15 тәулікке қамамақ.
25 желтоқсан күні Oyan, Qazaqstan қозғалысының үш мүшесін полицияға шақыртқан. Мұхтаров пен Шәріпжан полиция бөліміне барғанда онлайн-сот өтіп, сот екі белсендіні бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деген айып бойынша кінәлі деп тапқан. Екі белсенді тағылған айыппен келіспеген.
16 желтоқсан күні Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткішінің алдында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының және 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының құрбандарын еске алу шарасы өткен. Белсенділер Тәуелсіздік ескерткішінен Қаңтар оқиғасынан кейін тұрғызылған "Тағзым" мемориалына дейін жүріп өткен. Олар Қаңтар оқиғасында қаза тапқан сәбилер мен жастардың атын айтып, ұрандатқан. Қолдарында "Ұмытпаймыз, кешірмейміз" деген жазуы бар плакат болған.