Қырғызстан аумағында Kloop басылымының қырғыз тіліндегі ky.kloop.asia сайты ашылмай қалды. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
Редакцияның хабарлауынша, сайт Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің шешімімен бұғатталған. Басылым оған дәлел ретінде 1 қарашада министрліктен алған хаттың көшірмесін жариялады. Онда министрлік 30 қазанда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитетінен хат келгенін жазған.
«Kloop.kg сайты «Саясаткер Равшан Жеенбеков тергеу изоляторында азапталғанын мәлімдеді» деп аталатын мақала үшін бұғатталды» деп хабарлады мәдениет министрлігі.
Қырғызстан мемлекеттік органдары осы мәселеге қатысты әзірге ресми мәлімдеме таратқан жоқ.
Қыркүйекте қырғыз интернет-провайдерлер Kloop.kg басылымының орыс тіліндегі сайтын бұғаттаған. Ал бұның алдында, тамыздың аяғында Бішкек прокуратурасы сотқа «Клопп Медиа» қоғамдық қорын жою туралы арыз түсірген. Редакция прокуратура әрекетін «Қырғызстанда сөз еркіндігіне жасалған қысым» деп бағалаған.
Халықаралық ұйымдар, сонымен бірге Қырғызстандағы медиақауымдастық тәуелсіз басылымға қарсы арызды қайтарып алуды талап еткен.
Қазақстанда тәуелсіз Kloop.kg сайты 2014 жылы бұғатталған. Сайт редакциясы қазақ билігінің материалды алып тастау жөніндегі талабын орындаудан бас тартқан.