Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың атында аудитория ашылғаннан кейінгі даудан соң оқу орны басшылығы тарапынан мұғалімдерге қысым жасалып, жұмыстан қуылғаны жөнінде ақпарат тарады. 7 қазанда журналистика факультетінің ұстазы Дастан Қастай Facebook желдісіне өзінің себепсіз қызметтен босатылғанын жазды. Әлеуметтік желідегі даудан кейін мәселеге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек араласып, мұғалім жұмысында қалып, ректор Жансейіт Түймебаев факультет деканының міндетін атқарған Мәншүк Мұқашеваны қызметінен босатты, -деп жазды Masa Media.

9 қазанда Masa Media тілшісі Дастан Қастайды не себепті жұмыстан шығарып, қайта қабылдағанын білу мақсатында университетке барды.

Оқу орнының ақпарат және коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Алмат Исаділ Дастан Қастайдың жұмыстан шығарылғанын әлеуметтік желіден оқығанын айтып, кейіннен Дастан Қастай жұмыстан шығарылмаған, университетте жұмысын істеп жүр, оны растайтын ешқандай құжат жоқ деп қарама-қайшы пікір білдірді.

– Дастан Қастай осы университеттің оқытушысы ретінде жұмыстан шығарылмаған. Қызметін жалғастырып жатыр. Түсініспеушілік болған шығар. Ол құжаттық жағынан расталмаған, – деді Алмат Исаділ.

Ол  Кемел Тоқаевтың атында аудитория ашуды кімдердің қаржыландырғанын, оған кімдердің бастамашы болғанын да білмейтінін айтты. Журналистер «Түк білмесеңіз неге бізге пікір беруге шықтыңыз, білетін баспасөз хатшысы шықсын» деген еді: «Сендер хайп жасауға ұмытыласыңдар» деп кетіп қалды.

– Бұл жерде университеттің бір тиын ақшасы кетпеді. Ол бір адамның қаржысына жасалған нәрсе емес. Аудиторияны біз ашқан жоқпыз. Бұл қордың ақшасы. Мен оны білмеймін. Ол менің құзыретіме кірмейді. Мен сендер сияқты журналистпін. Сендер хайп жасауға ұмытылып тұрасыңдар. Мен нақты жауабымды беріп тұрмын, – деді Алмат Исаділ.

Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев Дастан Қастайдың жұмыстан шығуын деканның міндетін атқарушы Мәншүк Мұқашевамен арадағы жеке бас араздығы салдарынан болған оқиға деп бағалады. Оның сөзінше, ректор Жансейіт Түймебаев ол жөнінде білмеген.

– Дастан Қастайдың жұмыстан шығуына деканның міндетін атқарушы Мәншүк Мұқашева мен соның жанындағы бір-екі адамның мүддесі болған. Оны ректор білмеген. Мәншүк Мұқашева мен Дастан Қастайдың арасында ерегес болған. Ол бұған дейін Дастан Қастайға мақалаңа соавтор етіп қосасың деген. Дастан оған көнбеген. Сөйтіп, Мәншүк Мұқашева соңына шам алып түскен. Жұмыстан шығару үшін қолынан келгенінің барлығын істеп, қолына құжатын ұстатқан. Оны жоғары басшылық білмеген. Бізде жұмыстан шығаратын ректор ғана. Мәншүк Мұқашева осы мәселе бойынша жұмыстан босатылды, – деді Темірғали Көпбаев.

Темірғали Көпбаевтың сөзінше, Мәншүк Мұқашева Дастан Қастайды Facebook желісінде ректор Жансейіт Түймебаевтың Азаттық радиосы тілшісінің микрофонына жармасып, қарсы сұрақ қойғанын «ұнамсыз жағдай» деп бағалап, пікір жазғанын негіз етіп қудалаған.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа Кемел Тоқаев аудиториясы ашылған күні Азматтық радиосының журналисі сұрақ қойған. Ол шараның ешқандай жағымпаздық емес екенін айтып, тілшінің микрофонын өзіне қарай итеріп, қарсы сұрақ қойған. Оған дейін университет қызметкерлері журналистің жұмысына кедергі келтіріп, ректорға сұрақ қойдырмай ары-бері жұлқылаған.

Masa Media тілшісі мәселенің мән-жайын білу мақсатында Мәншүк Мұқашеваға телефон соқты. Бірақ ол жауап беруден бас тартып, тұтқаны тастай салды.

Темірғали Көпбаев аудиторияға Кемел Тоқаевтың атын беру жағымпаздық деп есептемейді. Ол бұл бастама бір жыл бұрынғы жоспарға енгізіліп қойғанын айтты. Бірақ аудиторияға жөндеу жұмыстарын кім қаржыландырғанын білмейтінін мәлімдеді.

– Кемел Тоқаевтың аудиториясын ашу туралы бір жыл бұрын жоспарланып қойған. Менің алдымдағы деканның уақытында осындай мәселе көтерілген. Бізде қайраткерлердің атына берілген 10-15 аудитория бар. Кімнің бастамасы болғанын білмеймін. Ол университеттің қаржысына жасалған жоқ. Мысалға, бізде түлектер қауымдастығы бар. Өзіміздің журналистика факультетін бітірген кәсіпкерлер бар. Солар көмектескен болар. Мен олардың кім екенін білмеймін. Ота жасап, ауруханада жатқанмын. Жұмысқа енді шықтым, – деді Темірғали Көпбаев.

Дастан Қастайдың өзі болған мәселеге байланысты бүгін жиналыс өткенін айтты. Оның сөзінше, Кемел Тоқаевтың аудиториясы ашылғаннан кейін қысым күшейген. Бірақ ол өзін не себепті жұмыстан шығарып, қайтадан қабылдағанын әлі білмейтінін, ол алдағы уақытта тексерілетінін мәлімдеді.

– Кемел Тоқаевтың аудиториясы ашылғаннан кейін бізге қысым басталды. Жазбамда мен талап ету, біздің іс қағаздарымызды беріп жіберу деген (іс-әрекеттерді – ред) ашық айыптадым. Құжатымды қолыма бергені рас. Бұл ректораттың шешімі ме, жоқ факультетте шешілген шешім бе білмеймін. Мен қазір нақты біреуді айыптай алмаймын, – деді ол.

Дастан Қастай Facebook желісіне 7 қазанда өзінің жұмыстан қуылғаны туралы жазған жазбасын өшіріп тастады.

Ұлттық университетте жазушы Кемел Тоқаевтың атында аудитория ашу үлкен дау болған. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі бұны жағымпаздыққа баласа, енді бірі оған қарсы шыққан.

Президенттің әкесін ұлықтау бұған дейін басталған. 2 қазанда Алматыда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай «Қазақ детектив жанрының дарабозы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен. Осы күні Жетісу облысындағы Үштөбе қаласында қазақ күресінен әлем кубогы мен бәйгеден халықаралық жарыс өткізіліп, ас берілген. Сарапшылар Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралардың көбейгенін «культ жасау» қайта басталды деп бағалаған.