5 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Марат Ахметжанов Ақмола облысының, Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

58 жастағы Марат Ахметжанов 2022 жылғы ақпаннан бері ішкі істер министрлігін басқарған. Ол Тоқаевтың 1 қыркүйектегі жолдауынан кейін қызметінен босаған.

Ахметжанов 2021 жылдың сәуірінен сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің басшысы болды. Одан алдын 2016-2021 жылдар аралығында бас прокурордың орынбары болған.

Халықаралық байқаушылар Қазақстанды полицей мемлекетке жатқызады. Министрлік құрамында қатардағы полицейлерден бөлек Ұлттық ұлан мен ішкі әскер бар. Елдегі наразылық жиындарында жаппай ұстауды да осы ішкі істер министрлігіне қарасты жасақтар жүзеге асырады. Жазалау мекемелері де осы мекемеге қарайды. Құқық қорғаушылар қамау орындарында сотталушылардың құқығы жиі тапталатынын, тіпті азаптауға ұшырайтынын айтады. Министрлік бұл мәселесімен күресіп жатқанын айтқанымен, азаптау шағымдары азаймай тұр.

Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған Ербол Қарашөкеев осыған дейін ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған. Бұл мекеме Қазақстанда ең жиі сынға ұшырайтын министрліктер қатарында. Биыл көктемде Тоқаев бұл министрлікті өзі де сынаған.

"Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз" деді ол сәуірде өткен үкімет отырысында.

Бұған дейін Ербол Қарашөкеев қаржы министрінің орынбасары болған және президент әкімшілігінде қызмет атқарған, "ҚазАгро" мемлекеттік холдингінде басқарма төрағасы лауазымында болған. Бұл холдинг ауыл шаруашылығы саласындағы миллиардтаған теңге қаржы бөлінгенімен іске аспай, шығынға ұшыраған жобалары үшін талай рет сынға қалған.

Қарашөкеев басқарғалы отырған Жамбыл облысы биыл құрғақшылықтан қатты зардап шегіп отыр. Қырғызстаннан келетін су азайып, шаруалар шығынға батып отыр.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті бүгін экология және табиғи ресурстар министрін де тағайындады. Бұл қызметке Ерлан Нысанбаев келді. Осыған дейін ол Астана әкімінің кеңесшісі болған. Министрлікті осыған дейін басқарған Зүлфия Сүлейменова биыл Семей облысындағы өрт кезінде сынға қалған.