Полиция "журналистерге шабуыл ұйымдастырған" күдіктіні ұстағанын хабарлады. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Полицияның айтуынша, күдіктінің аты-жөні – Аркадий Сергеевич (Маневич) Клебанов. Қазақстан азаматы. "Кінәсін мойындаған" күдікті сот санкциясымен "қамауға алынған".
Оған Қылмыстық кодекстің "қоқан-лоқы", "жеке өмірге қол сұғу", "біреудің мүлкін жою", "бұзақылық", "журналистердің кәсіби қызметін атқаруға кедергі келтіру" баптары бойынша айып тағылған.
Тергеу кезінде күдікті "шабуылының мәнін" бірқатар БАҚ-қа бұрыннан "қысастығым болғанынан" деп түсіндірген. Полицияның болжамынша, ол "хакерлерді жалдап", "шабуылды орындайтындарды" іздеген. "Орындаушыларға ақыны криптовалюта арқылы төлеп отырған".
Қазақстанда шабуылға ұшыраған журналистердің кейбірі бір күн бұрын өздерін полицияға шақырып жатқанын, "тапсырыс берушімен" кездестіретінін хабарлаған еді. Кейбірі барудан бас тартқан.
"Власть" басылымы күдікті қазақстандық олигархтың жақыны екенін, ол туралы мақалалар бұрын шыққандықтан, оның БАҚ-қа "өштесуі себебі" белгісіз күйде қалғанын жазды.
Осы аптада ІІМ журналистерге "шабуыл ұйымдастырушы" ұсталғанын, оның "төрт сыбайласы" анықталғанын хабарлаған. Бесеуі де өзге елдің азаматы деп айтылады.
Оның алдында министрлік Алматы мен Астанада "журналистерге шабуыл жасады" деген күдікпен 18 адам ұсталғанын хабарлаған.
Қазақстанда кейінгі кезде журналистерге шабуыл жиіледі. Шабуылға ұшыраған журналистер бұл оқиғалар кәсіби қызметімізге байланысты деп есептейді.
- 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзін медициналық маска таққан біреу Алматыдағы үйінің подъезінде ұрып кеткенін хабарлады. "5 Қаңтар" телеграм-арнасының авторы, Қазақстандағы наразылықтар туралы жазатын Молдабеков шабуылды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады.
- 20 ақпанға қараған түні Алматыда журналист, "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкомен жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін біреулер өртеп кетті. Егоров заңсыз әрекеттің кәсіби қызметіме қатысы бар деп отыр. Оның алдында Вадим Борейко белгісіз біреулер пәтер есігінің сыртқы жағына құрылысқа арналған көбік жағып кеткенін хабарлаған.
- 8 ақпанда Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева Астанада біреулер редакцияға шикі ет пен балаларының суреті салынған қорап беріп жібергенін хабарлаған. Ибраева оқиғаны "қорқыту" деп бағалаған. Оның алдында ол белгісіз біреулер сайтты бұзып, оған өзінің және отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін жариялағанын айтқан.
- 5 қаңтарда алматылық журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер автокөлігінің салонына кірпіш лақтырып, машинасын өртеп жібергенін хабарлады. Егеубаева мұндай әрекетті қастандық деп сипаттады. Екі күннен соң Алматы полициясы кәмелет жасына толмаған бес күдіктіні ұстағанын хабарлады. 15, 16 және 17 жастағы күдіктілер Elmedia редакциясының есігін де бұзды деген күдікке ілінген.
- 24 ақпанда "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін "журналистерге шабуылдың жаңа толқынын" зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуға үндеген.