Қытай билігі Ресейге Украинадағы соғыста қолданатын қару беру мәселесін қарастырып жатыр. Барлау деректеріне сүйенген Америка орталық барлау қызметінің (ЦРУ) директоры Уильям Бернс осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, алайда Пекин түпкілікті шешім қабылдамаған. Бернс бұл сөзін CBS News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

Қытай Ресейге қару-жарақ пен оқ-дәрі беруге келісейін деп жатқанын бұған дейін Батыс ақпарат құралдары да, оның ішінде CNN, Financial Times, Spiegel хабарлаған. Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "Вашингтон бұған қарсы және Пекин Мәскеуге қару берсе, салдары болады" деп ескерткен.

CBS News-тің жазуынша, Джо Байден мен Уильям Бернстің өзі ақпан басында ғана жағдайға басқаша баға берген. Олар сол кезде Қытай Ресейге қару беру идеясына салқын қарайтынын айтқан.

Бернстің айтуынша, қазір АҚШ-та Қытай Ресейге қару-жарақ бергеніне дәлел жоқ. ЦРУ басшысының айтуынша, Америка билігі кейінгі кезде осы тақырыпты қозғап, Қытайды қару беруден бас тартуға көндіруге тырысып жатыр.

АҚШ былтыр Ресейге Украинаға басқыншылықтың салдары туралы ескерткен. Ол кезде Вашингтон Владимир Путинді басқыншылықтан бас тартуға көндіре алмаған еді.