Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Вотч") халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Өзбекстан қауіпсіздік күштерін 2022 жылғы 1 және 2 шілдеде Қарақалпақстанда наразылыққа шыққандарды тарату кезінде шамадан тыс күш қолданды деп айыптады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.

Ұйым Өзбекстан билігін Қарақалпақстандағы оқиғаларға, соның ішінде қауіпсіздік күштерінің әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырды.

7 қарашада жарияланған баяндамада Өзбекстан қауіпсіздік күштері Қарақалпақстанда 2022 жылғы 1 және 2 шілдеде бейбіт шеруге шыққандарды тарату кезінде адам өміріне қауіпті құралдар мен іс-әрекеттерді орынсыз қолданды деп жазылған.

Human Rights Watch мәліметінше, күш құрылымдары "оқ ататын қару мен гранаталардың бірнеше түрін" орынсыз қолданған. Қарудың мұндай түрлері қауіпсіздік ережесін сақтамаған жағдайда адамды ауыр жаралап немесе өлтіруі де мүмкін, делінген баяндамада. Наразылықты күшпен тарату кезінде кем дегенде 21 адам, соның ішінде құқық қорғау органдарының 4 қызметкері өлді, 270-тен астам адам жараланды.

"Қарақалпақстанда шілдеде көптеген адам өлді, жүздеген адам жараланды, олардың кейбірінің жарақаты ауыр", – дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

Өзбекстан билігі әзірге Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының баяндамасына қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Биыл шілденің басында Қарақалпақстан астанасы Нүкіс пен өңірдегі басқа да қалаларда жаппай наразылық шеруі болды. Тұрғындар Конституцияның жаңа нұсқасында Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамынан шығу құқығын беретін зайырлы мәртебесін алып тастағанына қарсы шықты.

Наразылық күшпен басылды. 4 шілдеде Өзбекстан билігі 18 адам қаза болғанын, 516 адам ұсталғанын мәлімдеді. Сол күні Өзбекстан парламенті ел Конституциясында Қарақалпақстанның зайырлы мәртебесін сақтау жөнінде ресми шешім қабылдады.