Sputnik.kz — ресейлік медиа, Ресейден қаржыланады. Қазақстан аумағында еркін хабар таратып келеді. Шетелден қаржыланатын басқа бір басылымды еш негізсіз айыптап, жауып тастауды құптап жатқан адамдардың ешбірі Спутникті сынға алғанын байқамадын. Дұрыстап ойлансақ, ұлтымызға бұл басылымнан төнетін қауіп жоғары,-деп жазды ФБ-дағы жазбасында журналист Оразай Қыдырбаев.
Қыдырбаевтың жазбасында "Соғыс басталғалы бері Спутник басқыншы Ресей көзқарасын насихаттап келеді. Қараңыз, “Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы” деп түсіндіріпті. Қайдағы арнайы әскери операция? Бұл нағыз басқыншы соғыс емес пе? Қазақстан тұтастығын мойындайтын Украина аумағын күшпен иемденіп алу емес пе?
Қазақстандағы орыс тілінде хабар тарататын медианың көпшілігі өзін Қазақстаннан гөрі Ресейге тиесілі санайды. Олардың негізгі ақпарат көзі — Ресейдің ақпарат кеңістігі. Мысалы, бірнеше күн бұрын Whatsapp істемей қалғанда, orda.kz сайты “Whatsapp Мәскеу уақытымен мынадай уақытта істемей қалды” деп жазды. Мәскеу уақытымен!
Ал tengrinews Қазақстандағы танымал әнші Төреғалиді кемсітіп, оның есімін жазғанда “есть такой певец” деп түсіндіреді. Бірақ мен еш танымайтын Оксимирон мен Задорнов туралы олай жазбайды", -делінген.
Бұған дейін биліктегі шенділер мен билікшіл журналистердің аузынан шетел қаржыландыратын БАҚ деген сөз жиі айтылып келе жатқан. Олар негізінен тәуелсіз журналистерді көп меңзейді.