Алдағы келе жатқан 25 қазандағы заңсыз митингті ұйымдастырды деп 488 баптың 7 тармғымен 12 қазанда 15 тәулікке қамалған тәуелсіз журналис ND арнасының иесі Думан Мұхамедкәрім бүгін 6-күн аштықта отырған. Бүгін өзінің үндеуі БАҚ бетіне жарияланған соң аштықты тоқтатты.
Тәуелсіз журналистің хатын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.
Абақтығы түскеніме бүгін 6 күн болды. Аштық жариялағаныма да 6 күн болды.
Негізі бәрі жоспар бойынша келеді. Мен мұның бәрін бір ай бұрын жоспарлап қойғанмын. Енді ашып айтайын.
Өздеріңіз білесіздер мына Ұрылар билігі туралы мен өз арнамда көп айттым. Жүздеген видео жарияладым. Бірақ нәтижесі анау айтқандай керемет болмады. Билікте отырған ұрылардың - ұры екенін, оппозицияның әлсіз екенін қалай дәлелдесем болады? Осы сұрақ мені көп ойландырды.
Сөйтіп шамамен бір ай бұрын бір кино көріп қалдым. Аты шулы Кевин Спейси түскен фильм. Атауы есіме түспей тұр.
Бұл кинода АҚШ азаматтық белсенділері өлім жазасын алдыру үшін көп шара ұйымдастырады. Алайда ол акциялардан нәтиже болмайды. Ақыры әлгі өлім жазасына қарсы белсендінің бірі серіктесінің қолынан өледі. Серіктесі (Кевин Спейси сомдаған адам) өлім жазасына кесіліп, өлтіріледі.
Соңынан белгілі болады. Қаза болған келіншек өзіне өзі қол салған екен. Ал, Кевин Спейси ойнаған кейіпкер жазықсыз өлтірілген.
Осы жанкешті оқиғада АҚШ азаматтық белсенділерінің өз сенімі үшін соңына дейін тұратынын көрдім.
Біздің елде өз сенімі үшін соңына дейін тұратын адам бар ма?
Қасықтай қаны қалғанша алысатын белсенді қайда?
Бұл сұрақтар маған маза бермеді. Көп ойландырды.
Ақыры осы «экспериментке» нар тәуекел дедім де кірістім.
Әуелі ҚР Конституциясын, Қылмыстық Кодекс, Әкімшілік Кодекс сияқты нормативтік құжаттарды аштым. Арасында Ғалым Нұрпейісов, Асылбек Қараев, Рысбек Сәрсенбайұлы сияқты ағаларыммен кеңестім. Олар әрине менің жоспарларымды білмеді. Мынандай сөз қай заңға қайшы? Былай айтсам қалай? деген сұрақтар қойдым.
Журналист ретінде күнде қойылатын сұрақтар болған соң ағаларым ойымды түсінбей қалғанына сенімдімін.
Сөйтіп Заңдар «лабиринтін» айналып жүріп, қазанның 25 күнгі митингі туралы мәтін жаздым. Түсірдім. Монтаждап жарияладым.
Марғұлан Боранбай, Данат Намазбай сияқты ұлтжанды патриоттар естеріңізде шығар? Міне сол екі азамат «Мақтабас» (Ватник) деген сөздері үшін 5 жылдан арқалады.
Ал мен өз видеомда басты «мақтабас» Тоқаев туралы оның иесі Путлер (В.В.Путин) туралы айттым. Алайда маған ол айтқаныма қатысты айып тағылған жоқ. Ал, екі батыр 5 жылдан сотталды. Бұл бір.
Екінші мысал. Жанболат Мамай, Қалас Нұрпейісов, Қосай Маханбаев сияқты жігіттерге «Заңсыз митинг ұйымдастырушы, митингіге шақырушы, қатысушы», деген айыптар тағылды. Алайда, оларда қылмыстық іс.
Маған да осыған ұқсас айып тақты. Бірақ менікі әкімшілік іс.
Олардың ісі айдан-айға созылып келе жатқанына жарты жылдан асты.
Ал менің ісім айналдырған 3 сағат ішінде тергеліп, «дәлелденіп», прокурор «заңды» деп тауып сот 15 тәулікке қамай салды. 17.10.22 күні өткен аппеляциялық сотта өзгеріссіз қалды.
Неге ұқсас айыптау бірақ неге екі түрлі кодекс? Жаза түрі неге әр түрлі? Әлде мені 25 қазанға дейін шұғыл жабу керек болды ма?
Жоқ, әлде Жанболат, Қалас, Қосай үшеуі – шортан да, Думан – шабақ па?
Әлде журналистті 5 жылға жапсам «абыройым – патрондай шәшіладі», деді ме екен?
Бұл екі мысалда менің дәлелдегім келді біздің елде бәрі – Фарс, біздің елде бәрі – Фальсификация екенін.
Қараңыздар кеше ғана Путинге қарсы шықты. ДХР мен ЛХР-ны танымады деген Тәбәріш Такаев бүгін «Кремлден артық досым жоқ», «Орыс тілі ТМД тілі» деп отыр. Ол ұлт сатқыны – коллаборант емей немене?
Содан кейінде Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбай түрмеге түсті.
Жанболат Мамай, Қалас Нұрпейісов және Қосай бауырым не үшін отыр?
Олар өйткені жүйеге қарсы тұрды. Адам бар – іс табылады.
«Түрмеде ұстай тұру керек сосын бірдеңені «тігіп» - «шірітеміз», деп отыр.
Менің де түбіме жеткілері келеді. Қысқасы фальсификацияны дәлелдегім келді – дәлелдедім.
Үшінші эксперимент ол – аштық жариялау. 12.10.22 күні түскі сағат 14.30 шамасында мен шешемнің бір шыны шайын іштім. Содан бері нәр татпадым. Аштық жариялағанымды келе салып уақытша оқшаулау мекемесі қызметкерлеріне ескерттім.
Ертесі 13.10.22 сағат 12.00 шамасында арыз жазып бердім. Екі шарт қойдым. Ол кезектен тыс Президент сайлауын тоқтату және менің 15 тәулікке қамалуымды Заңсыз деп тану. Алайда олар «қыңқ» еткен жоқ. Негізі бұл екі шарттың қабылданбайтынын білдім. Менің мақсатым камерада отырып Прессаға мәлімдеме жасау еді. Журналисттерді кіргізу үшін, алдында әдейі күрделі шарттар қойып едім.
Мойындаймын, бұл жоспарым іске аспай қалды. Алайда, бұл негізгі көздегенімді ашып берді.
Біздің билік үшін халық деген тобыр. Ал, тобыр – топас. Біздің елде адамның құны жоқ!
«Үйім-күйім жоқ. Бала-шағамды асырай алмай жатырмын. Балаларымды терезеден лақтырып, артынан өзім секіруден басқа амалым қалмады», дей ме? Билік онда «Асырай алмайтының бар неге бала табасың?», деп жауап береді.
«Ипотекамды төлей алмай жатырмын өзімді өртегеннен басқа жолым жоқ» дей ме? Онда билік жағдайың жоқ болса атаңның басына кредит аласың ба?» деп жауап береді.
Сол сияқты «Аштық жариялаймын» дедің бе онда билік «Өлетін күніңді ата-анаңа айтып қой. Сасытпай мәйітіңді алып кетсін», дегендей болды.
Яғни, менің дәлелдегім келді. Біздің елде адам – күл-қоқыс. Дәлелденді!
Осы жерде айта кетейін. Мен өлмеймін. Әлі күресуім керек. Сондықтан, «экспериментім» мен ойлағандай шыққандықтан осы хатым әлеуметтік желілерге шыға салысымен аштықты доғарамын.
Билікке бекер қуаныш сыйлағым келмейді.
Бұл «эксперименттің» тағы бір мақсаты оппозицияны «қалың ұйқыдан» ояту. Оппозиция осы күнде «Радикал емеспіз», «Билікпен мәміле іздейміз», дегенді көп айтады. Ол, Тоқаев бастаған биліктің «Революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен өзгеріс әкелу керек», деген сөзіне ұқсас.
Менің өз басым көзім жетті. ҚазақСТАН сияқты Кремлдің ықпалынан шыға алмай отырған елдерде эволюция мүмкін емес. Өйткені біздің билікте «Үңгірден шыққан» неондерталдар отыр. Бұл Ұрылар билігінің араны ашылып кеткен. Аңсағандары ақша ғана.
Өркениетті, саналы билік болса эволюция мүмкін еді. Мыналарда сана болмаса қайда эволюция???
Сондықтан оппозиция оянсын. Биліктің әділетсіз ойын шарттарын қабылдай алмай ма? Онда көшеге шықсын. Біз тек қана бейбіт шеру арқылы өзгеріс әкеле аламыз. Одан басқа жол жоқ. Назарбаевтың 30 жылында, Тоқаевтың 3 жылында оң өзгеріс болмады. Алдағы 7 жылда да өзгеріс болмайды егер біз талап етпесек.
Мен осы үндеуімнен кейін әлі ұзақ отыруым әбден мүмкін.
Ол «эксперименттің» жалғасы болады. Нәтижесін сол кезде көреміз.
Құрметті ағайын!
Мен үгіт жүргізбеймін, митингіге шақырмаймын. Алайда ойларыңызда болсын қазанның 25 шешуші күн болуы керек. Не билік халқына бір бүйрігі бұрып Демократиялы өзгерістер жасайды не біз егемендігімізден айырыламыз.
Қартайған шағыңызда құлдықта жүрген немере-шөбереңізге не айтарыңызды білмей отырып қалмаңыз.
Ал, тәбәріш Тақаевқа айтқым келеді. Шынайы өзгерістер болмаса, Заңсыз Сайлау тоқтамаса Халық – лап етемін деп тұр. Бір ұшқын жетпей тұр. Ал ол ұшқын менің және мыңдаған патриот белсенділердің қолында! Оян Қазақ. Аттан Қазақ, Алға Қазақ елі!
P.S. Көзім қарауытып, басым айналып әрең жаздым. Түсініксіз болса немесе қателер кездессе кешірім өтінемін. Айтпақшы, қазанның 25 ND арнасын қараңыздар. Алдын ала жүктеген видеом шығады. 18.10.2022 10.17 Мұқамедкәрім Д.А.
Айтпақшы, басым айналып, көзім бұлдырап отырып ұмытып кетіппін.
Ақордада отырған коллаборанттарды қызмет үшін не ақша үшін жақсы көреді. Сол қызмет үшін арын сатқандар армиясында ұр-тоқпақ полиция «Заңдылықтың» бұзылуын қадағалайтын прокурорлар және заңды белшесінен басатын қарабет соттар бар.
Мен бұл «экспериментте» оларды ақша десе арынан айырылған, санасыз дегенерат екенін дәлелдегім келген.
Жоғарыда аталған 5 батыр, Шымкентте Заңсыз сотталған 4 батыр, барлық аймақтарда Қаңтар көтерілісі бойынша жалған айып тағылған және ост үкімін күтіп отырғандар, сондай-ақ менің ісім – менің күдігімді дәлелдейді деп ойлаймын,
Бұл санасыз дегенераттар Ақорданың нұсқауымен маған тағы не іледі екен?
Оны сізде мен де біліп отырмыз!
Түбі біз жеңіске жетеміз!